Жамбыл облысында 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінге дейін 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы өз кезегінде Жамбыл облысындағы тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етудің және кездесіп отырған әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді құралына айналды.

Өңірде аталған бағдарлама аясында 831 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын, оның ішінде 180 жоба әлеуметтік нысандардың инфрақұрылымын дамытуға, 200 жоба – тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты, 327 жоба – инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамытуға, 124 жоба елді мекендерді абаттандыруға бағытталды», деп атап өтеді баспасөз қызметі.

Сондай -ақ облыс бойынша бағдарлама шеңберінде жоспарланған жобалар негізінде 19 599 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Жұмыспен қамтылған жұмысшылардың кемінде жартысы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасуы тиіс. Бүгінгі таңда 821 жобаны іске асыру басталған десек, оған 14 мыңнан астам адам, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 7 мың адам тартылған.

Бағдарлама тұрғын үй мәселесін шешуге де өз үлесін қосуда. Оның шеңберінде 706 пәтерлік 12 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, бұл тұрғын үй кезегіндегілердің баспана мәселесін 2 пайызға төмендетеді деп күтілуде.

«Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыру нәтижесінде өңір бойынша материалдық-техникалық база жаңартылып, денсаулық сақтау мен спорт нысандарының қол жетімділік деңгейі артады. 20 мыңнан астам ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылып, орталықтандырылған сумен жабдықталған тұрғындар үлесі 72 пайыздан 75,4 пайызға дейін өспек. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайда жолдардың үлесі 59,5 пайыздан 77,2 пайызға дейін, абаттандырылған аулалар үлесі 9,7 пайыздан 31 пайызға дейін артуы көзделген.

Сонымен қатар, Қордай ауданындағы Масанчи, Сортөбе, Булар батыр, Қаракемер ауылдары газдандырылады. Табиғи газбен 50 мыңнан астам адам қамтамасыз етілмек.


Соңғы жаңалықтар