Жамбыл облысында әзірше қоғамдық көліктер жүрмейді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында сұлулық салондары, жазғы кафелер мен құрылыс базарларының жұмысы қайта жанданады. Бұл өңірдегі карантин режимін жеңілдетудің үшінші кезеңі бойынша жүзеге аспақ, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылы 19 мамырда Жамбыл облысында карантиннің жеңілдетудің үшінші кезеңі күшіне енеді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бірқатар облыстарда коронавирустық инфекциялар санының күрт өсуіне байланысты, сондай-ақ аймақтағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Жамбыл облысының жедел штабы карантиндік шараларды тек ішінара жеңілдету туралы шешім қабылдады»,-делінген хабарламада.

Атап айтсақ, облыс бойынша төмендегілердің жұмысына рұқсат етіледі:

- монша кешендерінен тыс шаштараздар мен сұлулық салондары (алдын-ала жазылу бойынша). жұмыс уақыты 10.00-ден 18.00-ге дейін);

- жазғы алаңы бар, ашық аспан астында жұмыс жасайтын қоғамдық тамақтану орындары (сыйымдылығы 30 адамнан аспайтын). 10.00-ден 20.00-ге дейін;

- құрылыс материалдары мен тұрмыстық тауарларды сату базарлары. 7.00-ден 17.00-ге дейін;

- қонақ үйлер.

Сондай-ақ, ертеңнен бастап Тараз қаласы аумағында орналасқан түлектерді ҰБТ-ға дайындау бойынша оқу орталықтарының қызметіне рұқсат етіледі.

«Жоғарыда аталған кәсіп түрлерінің жұмысын қалпына келтірудің міндетті шарты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау болып табылады. Мұны арнайы мобильді топтар қадағалайтын болады.

Облыс тұрғындарының денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ инфекцияның жоғары қаупіне байланысты қоғамдық көліктер тоқтатылған болатын. Қазіргі кездегі қалыптасып отырған эпидемиялық жағдай маршруттық автобустардың жұмысын қайта жандандыруға мүмкіндік бермеуде. Облыс тұрғындарынан бұған түсіністікпен қарауды сұраймыз»,-делінген ведомство хабарламасында.

Аталған жеңілдіктер COVID-19 таралу ошақтары бар Қордай, Байзақ және Жамбыл аудандарынан басқа облыстың барлық аумағында қолданылады.

Облыс пен Тараз қаласының периметрі бойынша автожолдарда, коронавирус ауруы анықталған елді мекендерде карантиндік шаралар алынып тасталғанша блок-посттар өз жұмысын жалғастыратын болады. Тұрғындардың қозғалысы да шектеулі күйінде қала бермек.

Соңғы жаңалықтар