Жамбыл облысында балық өсірушілер қауымдастығы құрылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында кейінгі жылдары балық шарауашылығына айрықша көңіл бөлінуде. Дегенмен бүгінгі таңда өңірдегі бұл салада бірқатар мәселе туындап отыр. Ол туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облысымызда балық шаруашылығын дамытудың болашағы зор. Ол үшін біздегі табиғи-климаттық жағдайлардың қолайлығы және мемлекеттік қолдаудың мүмкіндігі мол. Үкімет 2030 жылға дейінгі арнайы бағдарламаны әзірледі. Балық өсірумен айналысатындар үшін субсидияның бес түрі қарастырылған. Сонымен қатар, біздің облыста балық өсірудің Кеңес заманынан қалыптасқан жақсы дәстүрлері бар дегенімізбен, қазіргі кезде бұл сала іс жүзінде нақты дамуда деп айта алмаймыз. Осы тұрғыда өткен жылы өндіріс көлемі небары 1150 тоннаны құрағаны – соның айғағы», - деді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысының айтуынша, биыл облыста 1500 тонна, ал келесі жылы 2500 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланған болатын. Облыс әкімі мұндай төмен қарқынмен 2030 жылға қарай түпкілікті нәтижеге қол жеткізудін қиындығын баса айтты. Осыған орай жылына 10 мың тонна тауарлы балық өндіру көзделуде.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков бұл салада басымдық тауарлы балық пен форель өсіруге берілетінін тілге тиек етті.

«Облыста тауарлы балық өсіруге жарамды 27 су қоймасы бар, олармен келесі жылы 22,6 тонна балық өндіру жоспарланған. Биыл таулы өзендерде орналасқан 21 шаруа қожалықтан 83,3 тонна форель аулау жоспарланып отыр»,-деді ол.

А.Оразбековтың айтуынша, қазір кезде өңірде «Сандель» шаруа қожалығы мен «А.Д.Чергенов» ЖК питомниктерінің өндірістік қуаты артып келеді. Өткен жылы «Сандель» екі миллион дана шабақ өндірсе, «А.Д. Чергенов» ЖК төрт мың дана шабақ пен үш миллион дернәсіл шығарған. Биыл өнім көлемін ұлғайту мақсатында «Сандель» шаруашылығы құны тоғыз миллион теңге, ауданы екі гектар болатын тоған салу жұмыстарын жүргізуде. Онда алты миллион дана шабақ өсіру жоспарланып отыр. «Қойшыбай-Ата» шаруа қожалығы мен питомник салынып, онда миллион шабақ өсірілмек.

А.Оразбеков қайта өңдеу цехтарын, сонымен қатар балық жемін өндіретін өндіріс орындарын ашу қажеттігін атап өтті.

Басқосу барысында балық өсіруге жер телімдерін беру, асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту секілді өзекті мәселелер де сараланды.

Облыс әкімі балық өсірушілердің өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, аймақтағы балық шаруашылығына қажетті барлық қолдау көрсетілетініне сендірді.

«Бүгін көптеген ұтымды ұсыныстар жасалды. Олардың ешбірі ескерусіз қалмайды. Біз су қоймаларын тек балық көзі ретінде қарастырмауымыз керек. Оларды отбасылық демалыс орындарына, балық аулауға арналған және т.б. туристік нысандарға айналдыруға болады. Бұл балық шаруашылығын да, туризмді де дамытуға мүмкіндік береді», - деді Б. Сапарбаев.

Аймақ басшысы балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлер бірігіп, өздерінің қауымдастығын құруы керек екенін баса айтты. Бұл іс-әрекеттерді үйлестіруге және туындаған мәселелерді бірлесіп шешуге ықпал етеді. Бердібек Сапарбаев табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековке қауымдастық құруды, ал өзінің орынбасары Берік Нығмашевқа инвесторлар алған жер телімдерге қатысты барлық мәселелерді шешуді тапсырды.



Соңғы жаңалықтар