Жамбыл облысында мұқтаж жандарға 110-нан астам үй асарлатып салынуда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының ауылдарында биыл мұқтаж жандар үшін 114 үй асарлатып салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі -43р басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл дәстүр облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен Жамбыл облысында да өз жалғасын тапты. Бастаманы көтерген жергілікті «Рухани жаңғыру» жобалық офисі арнайы «Асарлатып үй салу» жобасын әзірлеп, іске қосты. Баянды бастаманың мақсаты – ауылдастарының бірлескен күш-жігерімен көршілеріне, мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларға және көпбалалы отбасыларға асарлатып тұрғын үй салу. Бұл ретте бірінші кезекте кімдерге көмек көрсетілетінін жергілікті ақсақалдар кеңесімен келісе отырып, жергілікті тұрғындардың өздері шешеді.


Аталған іске Байзақ ауданының Мәдімар ауылының тұрғындары алғашқылардың бірі болып кірісіп кеткен. Олар жалғыз өзі төрт баланы тәрбиелеп отырған Ғалия Құрмановаға төрт бөлмелі үй салып беруді қолға алды. Ауылдық округ әкімінің шешімімен жергілікті мектепке күрделі жөндеу жүргізу кезінде босаған жер учаскесі мен құрылысқа жарамды материалдар бөлінді. Ауыл тұрғыны Ж.Дәулетов те құрылыс материалдарымен көмектессе, қалған көршілер, әсіресе жастар үй құрылысына белсене атсалысуда. Бүгінде қабырғалары көтеріліп, шатыры жабылып, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айының басында тек Ғалия Құрманова ғана емес, сонымен қатар Үлгілі және Бәйтерек ауылдарындағы тағы екі отбасы жаңа үйге қоныстанбақ.


Жалпы, Байзақ ауданының 18 ауылдық округтерінің әрқайсысында асар әдісімен мұқтаж отбасыларға арналған бір-бір үйден салынады. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев атап өткендей, ата-бабаларымыздың игі салт-дәстүрлері бүгінде өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол өскелең ұрпақты мейірімділік пен өзара көмекке, жергілікті халықтың қолдауын бағалай білуге ​​үндейді.

Ал, Меркі ауданында осы жылдың соңына дейін тоғыз үй салынбақ. Мәселен, Сарымолдаев ауылдық округінің тұрғындары көп балалы анаға арнап тұрғын үй салуды бастады десек, бүгінде қажетті коммуникациялар жүргізілген. Ойтал ауылдық округінде қамқор жандар екінші топтағы мүгедектің отбасына үй салып беру үшін ақша жинаса, Т.Рысқұлов ауылында ерте жастан ата-анасыз қалған жетім бала үшін болашақ үйдің іргетасы қаланып үлгерген.

Қазір асар әдісі облыстың барлық аудандарын қамтуда. Айталық, Шу ауданындағы аз қамтамасыз етілген 17 отбасы жаңа үйге көшеді десек, ал Жамбыл ауданында тағы 10 отбасы қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.


Жалпы, ағымдағы жылдың соңына дейін облыста халықтық құрылыс әдісін қолдана отырып барлығы 114 үй салынады. Яғни, бұл ауылдастары мен жергілікті биліктің көмегімен көптеген отбасылар тұрғын үй жағдайын жақсартып, жаңа баспаналы болады деген сөз.


Соңғы жаңалықтар