Жамбыл облысында жолда қалған 30-ға жуық жолаушы құтқарылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Жуалы ауданы аумағында қар құрсауында қалған 30-ға жуық жолаушы құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында қолайсыз ауа райына байланысты жолда қалғандарға көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Айталық, Жуалы ауданының аумағында 29 адам құтқарылса, ал, Айша бибі блогынан 64 адам теміржол станциясына жеткізілді.

Оқиға орындарында облыстық ТЖ департаментінен 17 қызметкер жұмыс жасауда. 7 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, автожолдарды тазалау үшін «Қазавтожол» ЖШС - нен 11 техника және 15 адам тартылған.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 25 ақпанында сағат 01-20-да Жуалы ауданы, ауа райының нашарлауына байланысты «Алматы-Термез-Ташкент» республикалық маңызы бар автожол учаскесінде Айша бибі ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейін барлық автокөлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылған. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

«Қазіргі уақытта Айша-бибі ауылында автокөліктердің жиналуы байқалады. Онда 120 жүк көлігі, 22 жолаушылар автобусы және 80-нен астам жеңіл автомобиль тоқтап тұр десек, оларда 739 жолаушы, оның ішінде 77 бала бар екендігі белгілі болды. Тараз қаласынан қашықтық 14 шақырымды құрайды, барлық жүргізушілердің Тараз қаласына оралу мүмкіндігі бар»,- делінген ведомство хабарламасында.

Блок бекетте, автокөлік жиналатын жерде «Апаттар медицинасы орталығы» филиалы мамандарының кезекшілігі қолға алынған. Жуалы және Жамбыл аудандарында 5 жылыту пункті дайындалған. Жергілікті жерде ыстық тамақ ұйымдастырылуда.


Соңғы жаңалықтар