Жамбыл облысындағы жаңа жағдайлар: Науқас індетті пойызда жұқтырған
«Алдын ала мәлімет бойынша, 1961, 1963, 1973 және 1985 жылы туған азаматтардың вирус жұқтыруына олармен тығыз байланыста болған індетке шалдыққан науқас себеп болған. Бесінші науқас – 1966 жылғы Мойынқұм ауданының тұрғыны. 28 наурыз күні «Көкшетау-Қызылорда» пойызында коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен байланыста болған. Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызметінен осы ақпаратты алғаннан соң, ол жедел түрде карантиндік стационарға оқшауландырылды. Лабораториялық талдау COVID-2019 диагнозын растады», - делінген ақпаратта.
Мәлім етілгендей, науқастанған азаматтармен байланыста болған 54 адам анықталып, карантинге жатқызылды.
«Лабораториялық зерттеуге материалдарды іріктеу жұмысы жүріп жатыр. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет індет жұқтырғандар мен байланыста болғандардың тұрғылықты мекенжайы мен барған жерлеріне дезинфекция жасады», - делінген ресми хабарламада.
Жалпы Жамбыл облысында коронавирус індетін жұқтырудың 45 оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 11 адам шекара пункттерінен өткен кезде анықталса, 6 науқас - Делиден келген рейс жолаушылары. Таразда – 5, Қордай ауданында – 18, Меркіде – 2, Шу, Жамбыл және Мойынқұм аудандарында 1 адамнан тіркелді.