Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Жамбыл облысында 784 шара ұйымдастырылған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Жамбыл облысында жыл басынан бері 784 іс-шара ұйымдастырылған. Бұл туралы «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференция барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Ақын ескерткішіне гүл қойып, рухына тағзым ету рәсімінен басталған халықаралық конференцияға ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, елімізден және Қырғыз Республикасынан белгілі жазушы, ғалымдар, жамбылтанушылар, депутаттар мен ақын ұрпақтары барлығы 150-ге жуық адам қатысты.

Конференция барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тұлғаның 175 жылдық мерейтойына орай атқарылып жатқан ауқымды шараларға жан-жақты тоқталды.

«Елімізде ақын атымен аталатын бір ғана облыс бар. Ол – Жамбыл облысы. Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың есімін еншілеген өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, рухани-мәдени саласында да оң өзгерістер, атқарылып жатқан ауқымды шаруалар аз емес. Солардың бірқатары ұлы жыраудың 175 жылдық мерейтойына арналды.

Жамбыл облысында ақын есімі берілген 1 аудан, 3 ауылдық округ, 3 елдімекен, 1 даңғыл мен 83 көше, 10 мектеп және 1 кітапхана бар. Сондай-ақ, өңірде тұлғаның құрметіне барлығы 8 ескерткіш орнатылған.

Жыл бойы арналып 784 іс-шара өтті. Мұның бәрі ақын есімін кейінгі ұрпаққа лайықты түрде танытып, оның рухани өміршең мұрасын кеңінен насихаттау жолында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана», - деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар келген ұлы жыраудың мерейтойына орай ұйымдастырылған тағылымды шараларға тоқталды.

Басқа да қатысушылар өздерінің орамды ойларын ортаға салды.


Соңғы жаңалықтар