Жамбылда алғаш рет асқазан қатерлі ісігіне гастрэктомия операциясы жасалды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының онкология тарихында алғаш рет бірегей ота түрі жасалды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысы Шу аудандық ауруханасына ауыр жағдайда келіп түскен 50 жастағы тұрғынның асқазынан қан кеткен. Хирургия бөлімшесінде оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, гематрансфузия деп аталатын қанды тоқтату әдісі жасалады. Алайда, одан науқастың жағдайы жақсармаған соң, жедел түрде санавиция көмегімен Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының онкологиялық құрылымына жеткізіледі.

Кешенді тексеру мен талдау-сараптау нәтижесінде оған 3-ші сатыдағы асқазанның қатерлі ісігі, асқазаннан қан кету, екінші дәрежелі қан аздық диагнозы қойылды. Шұғыл түрде облыстық көпбейінді ауруханасының онкология жөніндегі орынбасары Гүлжан Тәйтелі, бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары Жандос Рысқұлов, онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Жандос Сейдахметов пен жансақтау бөлімінің меңгерушісі Рабиға Түсіпованың қатысуымен консилиум жасалып, шұғыл операция жасау туралы шешім қабылданған.

Көп ұзамай жоғары санатты, онколог хирургтар Марат Қалиев пен Қайрат Төлешов лапаротомия арқылы гастрэктомия жасап, қан кеткен тамырды тігіп, қатерлі ісікті алып тастады. Облыстық онкологиялық диспансерде мұндай ота алғаш рет жасалып отырғандықтан, барлық үрдіс бас дәрігер Қайрат Жетібаевтың қатаң бақылауымен жүргізілді. Нәтижесінде ота сәтті өтті, науқастың жағдайы жақсара түсті.

«Гастрэктомия – бұл хирургиялық процедура, оны жасау барысында асқазанның бір бөлігін алып тастайды. Гастрэктомияның бірнеше түрлері бар, олар процедура кезінде асқазан мен оның айналасындағы тіндердің қанша мөлшерінің жойылатындығына байланысты болады. Негізі бұл әдіс-тәсіл – үлкен дайындықпен жасалатын жоспарлы хиургиялық әдіс. Ал бұл жағдайда, пациенттің өміріне төнген қауіптің жоғары болуына байланысты шұғыл түрде, уақыт жоғалтпай ота жасалады. Сондай-ақ, операцияның бұл түрі жоғары технологиялы, өте күрделі болып саналады және ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен тегін жүргізіледі»,-делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар