Жамбылда биыл қызылша жинаудан рекордтық көрсеткіш тіркелді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында қант қызылшасын жинау науқаны аяқталды. Нәтижесінде 5500 гектар алқаптан 173 мың 748 тонна тәтті түбір жиналды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7168 тоннаға артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс диқаншылары биыл заманауи ауылшаруашылығы техникаларын пайдалану және жоғары сұрыпты тұқым себудің нәтижесінде қант қызылшасының әр гектарынан алынған орташа өнім 316 центнерді құрап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілген. Бір ғана Тараз қаласының шаруалары небәрі 20 гектар қант қызылшасының әр гектарынан 634,6 центнерге дейін өнім алған. Сондай-ақ алынған өнім көлемі Меркі ауданында 367,0, Байзақ ауданында 315,0, Шу ауданында 301, Қордай ауданында 283,0, Жамбыл ауданында 252,0 және Талас ауданында 250 центнерді құраған.

«Бүгінгі таңда қант зауыттарына 135 564,1 тонна қант қызылшасы өткізілген. Сонымен қатар 17 мың тонна қант өндіру жоспарланған. Мәселен, ағымдағы жылы Жамбыл облысында 5,6 мың гектар алқапқа қант қызылшасы отырғызылса, оның 105 гектары, яғни Жуалы ауданында 60 гектар, Т.Рысқұлов ауданында 45 гектар алқап жарамсыздыққа ұшыраған болатын»,-делінген облыстық ауыл шаруашылық басқармасының хабарламасында.

Айта кетейік, өңірде қазіргі таңда қант өндірісін дамыту үшін жылдық қуаттылығы 148 мың тоннаны құрайтын, құны 85 миллиард теңге болатын заманауи қант зауытының құрылысы жүргізілуде. Ірі жобаны «Qyzylsha» ЖШС-мен жүзеге асыруда.

Соңғы жаңалықтар