Жамбылда биыл жел және су электр станциялары іске қосылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Қазақстан бойынша «жасыл» энергияның 20 пайызы Жамбыл облысында өндіріледі. Бұл жөнінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев халыққа есеп беру онлайн-кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында «жасыл» энергия саласында 16 нысан жұмыс істейді десек, олармен 318,4 МВт электр энергиясын өндіріледі.

«Жамбылдағы жаңартылған энергия көздері нысандары елімізде өндірілетін электр энергиясының 20 пайызын қамтамасыз етеді», - деді облыс әкімі. Биыл бір жел электр станциясы мен бір су электр станциясы іске қосылады деп күтілуде.

Сондай-ақ, көгілдір отынмен қамтуда да ауқымды шаралар атқарылуда. Өткен жылы өңірде 120 мың тұрғыны бар 45 елді мекен газдандырылды. Нәтижесінде, халықты газдандыру деңгейі 74,4 пайыздан 82,4 пайызға дейін ұлғайды.

Ал, орталықтандырылған ауыз сумен 60 мың адам тұратын 38 елді мекен қамтылды. Осылайша, ауыл тұрғындарының орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу үлесі 73,3 пайыздан 82,2 пайызға дейін өсті.

Ағымдағы жылы 23 сумен жабдықтау нысанының құрылысы, көмірмен жылытылатын 156 ауылдық әлеуметтік нысанды газға ауыстыру жұмыстары жоспарланып отыр.

Өткен жылы автожол саласын дамытуға 26,7 млрд. теңге бөлінді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп. 1316 шақырым автомобиль жолдары салынып, жөндеуден өтті. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 85-тен 90 пайызға дейін артты. Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 534,4 шақырым болатын жолдарды жөндеу жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар