Жамбылда көпбалалы отбасылардың үйіне арнайы құрылғылар орнатылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облысында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріне газдан улануды алдын-алатын құрылғылар орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Адамдардың қаза болуына, улы газбен улануына жол бермеу мақсатында жамбылдық төтеншеліктер тұрғын үйлерде 79 улы газ датчигін орнатты. Бұл датчиктер көпбалалы және жағдайы төмен отбасылар, мүгедектер мен жалғыз тұратын зейнеткерлердің үйлерін қамтыған.

«Улы газдан уланудың алдын алу бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары облыс аумағында улы газ датчиктерін орнатуды жалғастыруда. Тараз қаласы әкімдігімен улы газ датчиктерін сатып алуға және орнатуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Жылыту маусымы басталғаннан бері біздің департамент қызметкерлері қала әкімдігінің және «КазТрансАймақ» ЖПФ АҚ мамандары, «Жібек жолы» белсенді жастары волонтерларымен және облыстық БАҚ өкілдерімен бірлесе отырып, тұрғын үйлерді аралау жолымен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде»,-дейді аталған департаменттің зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Арман Смайлов.

Мамандар көп жағдайларда улы газбен улану жағдайлары пешті орнату және пайдалану ережелерін бұзу себебінен орын алатынын ескертіп, адамдардың өлімі мен жарақаттануын алдын алу мақсатында халықты тиісті ережелер мен қағидаларды барынша сақтауға шақырады.

Жалпы айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында 10 улы газбен улану оқиғасы тіркеліп, 15 адам зардап шегіп, 4 адам қаза болған.

«Қазіргі таңда аз қамптылған отбасыларға жергілікті қаржы есебінен улы газ датчиктері орнатылуда, ал қалған обасыларға өз қаражаттарына газоанализаторлар мен датчиктерді өздерінің қауіпсіздігі үшін орнатуларын сұраймыз. Құрылғы үйдегі газдың немесе улы газдың көбейуі кезінде дабыл беріп, отбасы мүшелерінің өмірін сақтап қалуға ықпал етеді»,-дейді А.Смайлов.

Соңғы жаңалықтар