Жамбылда құжаты жоқ мас жүргізуші полицейлерден қашып құтылмақ болды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жүргізуші куәлігінен айырылған мас жүргізуші полициядан қашып құтылмақ болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, 2020 жылдың 11 қаңтарында күшіне енген жаңа заң бойынша мас күйінде көлік жүргізгендерге жаза күшейді. Жамбыл облысында мұндай факті бірінші рет Шу ауданында тіркелді.

Таяуда аудандық полиция қызметкерлері бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған 32 жастағы мас жүргізушіні ұстады. Ол Ауди 100 автокөлігін тізгіндеу кезінде орта мөлшердегі мас болған.

«Жүргізуші полицейлерге ұстатпай кетуге тырысты. Сөйтіп қарсы жолақтағы көлікке қатер төндірді. Дегенмен, оны полиция қызметкерлері тез-ақ ұстады. ҚР ҚК 346-бабына сәйкес, құқық бұзушы автокөлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылуы мүмкін. Бұл бап бойынша санкция 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады», - деп түсіндірді Жамбыл облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бауыржан Үдергенов.

Қазіргі таңда жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалған, ал автокөлік айып тұрағында.





Соңғы жаңалықтар