Жамбылда су құбырларының 71 пайызының тозығы жеткен

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Жамбыл су» МКК қызметкерлерімен кездесіп, кәсіпорын басшысы Марат Смайыловтың есебін тыңдады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы директордан көптеген түйткілді мәселелер бойынша сауалдарға жауап беруін талап етті.

Кәсіпорын 101 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді, оған 649 шақырым су құбыры, 249 шақырым кәріз жүйесі және 97 ұңғыма қарайды. Теңгерімінде 75 автокөлігі бар. Жылдық айналымы 1,8 млрд. теңгені құрайды. Кәсіпорын Еуропалық Қайта құру және даму банкімен бірлесіп облыс орталығының сумен жабдықтау желілерін жаңғырту бойынша бір миллиард теңгенің ауқымды жобасын жүзеге асыруда.

Су құбырларының тозуы 71 пайыз, кәріз желілерінің тозуы 43 пайызды құрайды. Кәсіпорында 609 адам жұмыс істейді десек, олардың орташа жалақы көрсеткіштері – 121,4 мың теңге.

Бердібек Сапарбаев кәсіпорынның жұмысына көңілі толмайтынын ашып айтты. Тұтынушылардың су шығынын, кәсіпорынның өз қаржысын есепке алу және бақылау жұмыстары оң жолға қойылмаған. «Жамбыл су» үнемі бюджет қаржысына иек артпай, қосымша қаржыландыру көздерін іздестіру керек. Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбекке жұмыс тобын құрып, екі апта ішінде ЕҚҚДБ қаражатының тиімді жұмсалуын егжей-тегжейлі зерделеу тапсырылды. Нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады. Бұдан бөлек, аталған мәселе таяуда облыс әкімдігінің аппараттық кеңестерінің бірінің негізгі тақырыбына айналмақ.

Келесі мәселе ретінде жалпыүйлік және жеке есептеу құралдарын орнату жайы да назарға алынды. Мұндай қондырғымен барлық үйлер мен пәтерлер түгелдей қамтылмаған десек, соның салдарынан жыл сайынғы судың шығын мөлшері 24 миллион текше метрге дейін жетуде.

«Әкімшілік-басқарушылық аппаратта 50-дей қызметкер жұмыс жасайды, ал директордың төрт орынбасары бар. Бұл тым көп емес пе? Сонымен қатар, кәріз қалдықтарымен жұмыс істеуге тура келетін қарапайым жұмысшылардың жалақысы үш мың теңгеге ғана өскен... Сонымен қатар, әр пәтерде есептегіш құралдары болуы тиіс бүгінгідей кезде 70 контроллер ұстау аса көп емес пе? Оларға жұмсалған қаржыны тиімді пайдалана отырып, басқа бағытта қолданған дұрыс шығар. Мәселен, сол жалпыүйлік және жеке су есептегіштерін кеңінен орнатылуына бақылауды жүзеге асыру керек, - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев апаттық жағдайлар жиі орын алатын қараусыз желілерді теңгерімге алуға көңіл бөлді. Иесі жоқ болғандықтан, олар бақылаусыз қалуда.

Кездесуді қорытындылай келе Бердібек Сапарбаев кәсіпорындағы бақылау мен есеп жүргізу жұмыстарының әлсіздігін тағы да атап өтті. Су құбырларын ауыстырудың орта мерзімді жоспарын жасауды, қараусыз құбыр иелерін анықтауды тапсырды. Қажет болған жағдайда, мәселені сот арқылы шешу жүктелді. Тұтынушылар санын арттыру бойынша жұмысты күшейту керек. «Жамбыл су» МКК келесі жылы жекешелендірілетін кәсіпорындар тізіміне енген. Сондықтан су қызметкерлерінің қызметі қол жетімді және ашық болуы үшін мұқият тексеру жүргізуді қажет ететіні баса айтылды.


Соңғы жаңалықтар