Жамбылда сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін тың тәсіл енгізіліп жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында сыбайлас жемқорлық деңгейін түпкілікті азайтуға бағытталған реформалардың жаңа пакеттерін дайындау бойынша кешенді жұмыс жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев хабарлады.

«Кешенді жұмыстардың бірі – «Integrity Check» енгізу. Бұл - құқық қорғау және бақылау органдарының қызметкерлеріне қатысты ерекше өндіріс аясында, яғни құпия әдістермен және соттың санкциясымен қатаң түрде жүргізілетін қызметтік тексерістің аналогы. Тексерілуші пара, өзге де пайда мен артықшылықтар алуға келісімін білдірген жағдайда жұмыстан босатылады. Бұл ретте оның үш жыл бойы мемлекеттік лауазымдарды атқаруына тыйым салынады»,- дейді Р.Төлебаев.

Осыған орай бүгінгі күні департамент сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер және мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптары негізінде Парасаттылық шектеулерін сақтау келісімін әзірлеген. Осы парасаттылық келісім парағында қызметкерлер өз өкілеттігі шегінде бірқатар шектеулерді қабылдай алады. Ол бойынша қызметкер өз қызметін атқару кезінде қандай да бір азамат тарапынан сыйлық, пара ұсынуға қатысты адалдықты тексеруге өз рұқсатын береді.

Егер қызметкер тексеру кезінде сыйлық немесе пара алуға келіскен жағдайда тәртіптік, оның ішінде қызметінен босатылуға дейінгі жауапкершілік қарастырылған.

«Бүгінгі күні ішкі істер органдары бірлескен іс-шаралар жоспары негізінде көші-қон полициясы, патруль полициясы, тергеушілер мен жедел қызметтің 1500-ден аса қызметкері парасаттылық шектеулерді қабылдады. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықты күрт төмендетуге және полиция қызметіне деген сенімді арттырады деп есептейміз», - дейді аталмыш департамент басшысының бірінші орынбасары.

Соңғы жаңалықтар