Жамбылда жемқорлық құқықбұзушылық жасаған 11 тұлға қызметін жалғастырып келген

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылда сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаған 11 тұлға басшы лауазымында жұмыс жасап келген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еңбек және сыбайлас жемқорлық заңнамаларына сәйкес, бұрын сыбайлас жемқорлық сипатында қылмыс жасаған адам, әрі қарай мемлекеттік қызметке немесе азаматтық қызметке басқару функцияларын орындаумен байланысты лауазымға қабылданбайды деп нақты көрсетілген. Дегенмен облыс бойынша зерделеу шаралары барысында бірқатар аудандарда бұл талаптың бұзылғандығы анықталған.

Ол бойынша қабылдаған тұлғаның да тиісті жауапкершілігі көзделген. Атап айтқанда, «Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау – жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» – делінген.

«Департаментпен тиісті заңнамалардың сақталуына мониторинг жүргізілді. Мониторингпен 2000-нан аса басшы лауазымдағы тұлғалар қамтылып, оның қорытындысы бойынша Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Қордай аудандарының басқару функциясымен байланысты сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған 11 тұлға қызмет атқарып отырғандығы анықталды»,- деді Равиль Төлебаев.

Сондай-ақ, спикер мониторинг барысында белгілі болған фактілер бойынша мән-жайларды анықтап, тиісті шаралар қабылдау жөнінде мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолданғанын, департамент бұл бағыттағы бақылауды күшейтетінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар