Жамбылдық полицейлер интернет алаяқтарды қолға түсірді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат- Жамбыл облысы аумағында интернеттегі алаяқтықтың алдын алу және анықтау мақсатында «Контрафакт» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерімен іс-шараның алғашқы үш күндігінде 5 алаяқтық дерегі анықталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Іс-шара барысында, ақпараттық-коммуникациялық құралдарды пайдалану арқылы жеке мәліметтері мен есепшоттарын қолдана отырып «ФинКап» интернет-қосымшасында 39 жастағы Тараз қаласы тұрғынының атына алаяқтық жолмен 120 мың теңге көлемінде несие рәсімдеген 26 жастағы облыс орталығының тұрғыны анықталды», - делінген хабарламада.

33 жастағы Тараз қаласының тұрғыны да «Тенго» интернет-қосымшасы арқылы несие рәсімдетемін деп 40 мың теңгеге алданып қалған. Полиция қызметкерлері аталған іске қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы Тараз қаласының тұрғынын ұстады.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлерімен Instagram әлеуметтік желісінде оқырман саны көп аккаунт парақшасын сатамын деп 31 жастағы Тараз қаласының тұрғынының 40 мың теңге ақшасын алаяқтық жолымен иемденген 22 жастағы жігіт әшкереленді. Жоғарыда аталған күдіктілердің барлығы кінәларын толық мойындап, тәркіленген ақшалай айғақ заттар иелеріне қайтарылды.


Қазіргі уақытта 3 күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жамбыл облысы Полиция департаменті тұрғындарға аса сақ болуды, бөтен адамдарға сенбеуді, шетелдегі немесе басқа да белгісіз есепшоттарға ақша аудармауды, коммерциялық интернет-сайттардың жұмыс істеу мерзімі мен оған жазылған пікірлерді мұқият зерделеуді, несие және құжаттарды рәсімдеу барысында барлық күмән тудыратын әрекеттерді байқаған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарласу керектігін ескертеді.

Соңғы жаңалықтар