Жамбылдық шаруалар мал қыстатуға 1 млн 700 мың тоннаға жуық шөп жинады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық шаруалар қыс мезгіліне сақадай-сай әзір, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында биыл мал қыстауларында 888,6 мың бас мал қыстатылады деп жоспарлануда. Жалпы, облыста 5 862 мал қыстауы болса, оның 1 020-сы шалғайдағы жайылымдарда, құмды аймақтарда орналасқан.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, қыстаулардағы малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй, 2 184 қотан-қашар, 936 баз толық жөндеуден өткізілген. Сонымен бірге, дайындалған шөптің басым бөлігі сол қыстаулардың қасына жиналды. «Жылдағы үрдістен жаңылмай келе жатқан өңірдің ауыл шаруашылығы құрлымдары биыл да ерте бастан-ақ қыс қамына кіріскені белгілі. Жалпы, өткен жаз шаруалар үшін өте қолайлы болғандықтан, шабындықтарда табиғи шөп мол болып, мал азығын дайындау науқаны ойдағыдай өткен болатын. Өңірде мал қыстатуды қалыпты өткізу үшін биыл 1 миллион 592 мың тонна пішен дайындау қажет болса, облыстағы барлық санаттағы ауыл шаруашылық құрылымдарында 1 миллион 667 мың тонна пішен әзірленді. Бұған қоса аудандарда 117,9 мың тонна сабан жиналған»,-дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақов. Басқармадағы мамандардың айтуынша, бүгінде өңірімізде мал азығы 110-120 пайызға дайындалған. Бірақ агроқұрылымдардарға мал азығының сапасына, рацион құрылымын жақсартуға ерекше талап қойылуда. Қазіргі таңда жоғары сұрыпты ет, сүт өндіру үшін мал рационында сүрлем, пішендеме сияқты құнарлы азықтың үлесін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта пішеннен бөлек шаруашылық субъектілерінде 60 мың тонна сүрлем, 56 мың тонна пішендеме әзірленген. «Қыстауға түсетін мал санына қарай шаруашылықтарға 533,2 мың тонна құнарлы жем қажет. Ендігі жерде құнарлы мал азығына деген қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін еліміздің солтүстік облыстарынан 100 мың тонна жем сатып алу жоспарлануда»,-дейді Тұңғыш Жанұзақ. Айта кетейік, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы басқармасының ұсынысымен аудан әкімдіктерінде мал қыстатуды өткізу бойынша жедел штаб құрылып жұмыс істеуде. Аудан әкімінің орынбасары басшылық ететін штаб мал қыстату барысында туындаған барлық мәселелерді шұғыл шешуге атсалысады. Қажет болған жағдайда аудандағы ірі кәсіпорындардың резервін, техникасын, басқа да ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік берілген.
Соңғы жаңалықтар