Жамбылдықтар асарлатып, 50-ге жуық мұқтаж отбасыға үй салып берді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша ағымдағы жылы 117 мұқтаж отбасының баспаналы болуы жоспарланса, қазіргі таңда 46 үй пайдалануға берілген,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы көптің көңілінен шығып, кең қолдауға ие болды. Барлық ауданда жүзеге асып жатқан жоба аясында ауылдастары мұқтаж отбасыларға баспана салып беруде белсенділік танытуда.

Жақында жоба шеңберінде Жамбыл ауданы Ерназар ауылындағы көпбалалы әке Нұрбол Алтынбекұлы үйлі болды. Ауылдарстары асарлатын салып берген төрт бөлмелі үй жылыту жүйелерімен қамтылып, ішкі бөлмелері жабдықталған. Игі іске барша ерназарлықтар жұмылдырылған десек, оны ауыл әкімдігі ұйымдастырып, кем-кетігін түгендеген.

«Алдымен алғысты ауыл тұрғындарына, шаруа қожалық төрағаларына, жомарт кәсіпкерлерге білдіргеніміз жөн болар. Осында асарлатып үй салып жатыр екенсіздер деп қаржылай қолдау көрсетуге, қол көмегін созуға қайырылған азаматтардың қайырлы амалдары өздеріне еселеп қайтсын. Облыс әкімінің бұл жобасы тұрғындар арасын жақындастырып, мейірімділік пен қамқорлықтың үлгісін қалыптастырды. Біз, ерназарлықтар, баспанадан бала-шағаның сыңғыр күлкісін есту үшін аянып қалған жоқпыз. Пейілімізге қарай, мақсатымызға да жеттік. Қоныс құтты болсын, – деді ағынан жарылып ауыл әкімі Мырзахан Әбдіқұлов.

Айта кетейік, «Асарлатып үй салу» жоба аясында облыс бойынша 101 үй салу және 16 үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болса, бүгінгі таңда 46 үйдің құрылысы аяқталған. Атап айстсақ, Жуалы ауданында 10 үй, Байзақ және Қордай аудандарында тоғыз үйден, Меркі, Мойынқұм, Сарысу аудандарында төрт үйден, Жамбыл ауданында 3 үй пайдалануға берілген. Ал, Талас, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында бір-бір үйден салынған.


Соңғы жаңалықтар