+7 (701) 759 90 19
USD 425.3 EUR 501.05
RUB 5.85 CNY 65.88
Jańalyqtar

Жаңа формат оңтүстік пен солтүстік арасындағы көшті жандандырады - Ерболат Әбілхатин

2021 жылғы 11 қыркүйек 15:00
Бөлісіңіз:
Жаңа формат оңтүстік пен солтүстік арасындағы көшті жандандырады - Ерболат Әбілхатин

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Жолдауында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларды қолдаудың форматын жаңарту керектігі айтылған болатын. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Әбілхатин «ҚазАқпарат» тілшісіне жаңа форматтың басымдықтары туралы мәлімет берді.

Ұқсас жаңалықтар
Еңбекмині мен Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Сол тапсырма аясында не істеліп жатыр? Не істелмек?

- Көші-қон саясатының тұжырымдамасы 2017 жылы қабылданды. Ағымдағы жылы оның мерзімі аяқталады және көші-қон саласындағы жаңа сын-тегеуріндерді ескере отырып, жаңа тұжырымдама әзірлеу қажет. Коронавирус пандемиясы шекаралар жабылып, жұмыс күшінің қозғалысы мен көші-қон шектелсе, еңбек нарығы ойсырап қалатынын көрсетті. Ішкі көші-қон мәселесі де өзекті болып отыр. Қазақстан – ТМД көлемінде мигранттарды қабылдау көрсеткіші бойынша Ресей Федерациясынан кейінгі екінші ел. Жыл сайын Қазақстанда 500 мыңға жуық шетелдік азамат жұмыс істейді. Негізінен Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы сияқты елдерден келеді. Шекара жабылған кезде шетел азаматтарының бір бөлігі бізде қалды. Біз ол тұста әлеуметтік қорғау, медициналық қорғау, шетел азаматтарын әкету және транзиттеу мәселелері бойынша міндеттемелер қабылдадық. Президент айтқан тұжырымдаманы дайындаған кезде осы пандемия кезінде туындаған қиындықтар ескеріледі.

- Президент көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасында шетелде еңбек етіп жүрген өз азаматтарымыздың мәселесін реттеуді де тапсырды ғой...

- Тұжырымдамада біз шетелде жұмыс істейтін қазақстандық азаматтарды қорғау мәселелерін қарастырамыз. Қазақстандықтар негізінен Корея Республикасында, Түркияда, БАӘ-де, Ресейде жұмыс істейді. Тағы шағын бөлігі басқа мемлекеттерде де еңбек етіп жүр. Олардың мәртебесін құқықтық реттеу, еңбек құқықтарын қорғау мәселелері жаңа тұжырымдамада міндетті түрде көрініс табады. Сондай-ақ, тұжырымдамада азаматтардың оңтүстіктен солтүстікке көшуіне ерекше назар аударылмақ.

- Осы көштің қазіргі ахуалына тоқтала кетсеңіз.

- Азаматтарды оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге ерікті түрде көшіру бағдарламасы «Жұмыспен қамту бағдарламасы» шеңберінде жүзеге асырылып келеді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында солтүстік өңірлердің демографиялық мәселелерін шешуге ерекше назар аударылды. Өздеріңіз білесіздер, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында демографиялық теңгерімсіздік проблемасы бар. Яғни, оңтүстік өңірлермен салыстырғанда бала туудың төмендігі, жастардың іргедегі Ресейге көшуі байқалады. Салдарынан көші-қонның теріс сальдосы мен егде жастағы азаматтардың үлесі артуда.

- Бағдарлама басталғаннан бері солтүстік өңірлерге қанша адам көшіп келді?

- 2017 жылдан бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қоныс аудару жүзеге асырылуда. Осы уақыт ішінде оңтүстік өңірлерден солтүстікке 30 мыңға жуық адам көшірілді. Бұл шамамен 7965 отбасы.

Оларға көшу шығыны ретінде біржолғы көмек төленді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, биыл көмек екі есе, 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін артты. Бұл 200 мың теңгеден астам қаржы деген сөз. Мемлекет қоныс аударған азаматтарға бір жыл бойы тұрғын үй жалдау субсидиясы мен коммуналдық қызмет ақысын төлеп береді. Оның мөлшері қоныс аударушының қайда орналасқанына байланысты. Сонымен қатар, азаматтардың қоныс аударуына жәрдемдесетін жұмыс берушілерге үлкен көңіл бөлінеді. Оларға 450 АЕК немесе 1 млн теңгеден астам субсидия беріледі. Азаматтарды қоныс аударуға ынталандырудағы маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының тапсырмасы бойынша 2016 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударушыларға арнап тұрғын үй салу және сатып алу жөніндегі пилоттық жоба қолға алынды. Соның аясында негізінен ауылдық жерлерде тұрғын үйлер салынды.

- Көші-қон саясаты тұжырымдамасы қашан қабылданады?

- Көші-қон саясатының тұжырымдамасын біз жылдың соңына дейін әзірлейміз. Ал нақты қабылданатын уақыты 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін деп отырмыз. Осыдан кейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп, соның аясында қоныс аударатын азаматтарға көмек көрсетудің форматы қайта жасақталады.

- Ол туралы Жолдауда да айтылды ғой. Қайта форматтаудың аясында қандай өзгерістер болуы мүмкін?

- Жалпы қазірдің өзінде мемлекет елге қоныс аударушыларды қолдау бойынша түбегейлі шаралар қабылдады. Бұл шаралар Израиль, Ресей сияқты елдерде де бар. Президент айтқандай, көшіп келушілерге көрсетілетін көмекті әкімдіктер арқылы ғана емес, жұмыс берушілер арқылы да іске асыруымыз керек. Мысалы оңтүстіктен солтүстікке жұмыс күшін отбасымен көшіріп әкелген жұмыс берушілерге көп көңіл бөлінбек. Егер жұмыс беруші қоныстанушыға қызметтік баспана, жатақхана ұсынса, бір жылдық баспана жалдау субсидиясы мен коммуналдық шығын төлемі соған беріледі. Демек, қайта форматтау ішкі көшке жұмыс берушілерді көбірек тартуға бағытталады. Солтүстік өңірлерде машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсіпорындар салынып жатыр. Фермерлік шаруашылықтарда механизаторлар, ветеринарлар, жұмысшы мамандар тапшы. Сондықтан бұл жерде жұмыс берушілермен нақты жұмыс жүргізіледі. Ол үшін enbek.kz порталының ақпараттық қызмет көрсету әлеуеті кеңейтіліп, қайта форматталады. Биыл порталда азаматтарды қоныстандыру мәселелеріне арналған арнайы бөлімдер дайындалды. Онда көшуге болатын елді мекендердегі мектептер мен балабақшалардың саны туралы ақпараттар қамтылған. Порталдың қолданыс аясын осы тұрғыда кеңейте түсеміз. Оңтүстіктен көшуге ниетті адамдар осы сайт арқылы қай салада жұмыс іздейтіні туралы хабарлама қалдырады. Солтүстіктегі жұмыс беруші соның негізінде өзіне қажет маманды таңдап алады.

Тұжырымдама аясында біз солтүстік өңірлерге көшу жөніндегі шаралардың тиімділігін күшейтуге көп көңіл бөлеміз. Қайта форматталған бағдарлама аясында 2022 жылдан бастап көш қайта жанданады.

- Бұл көш 2017 жылдан бері солтүстік өңірлердің дамуына өзгеріс әкеле алды ма?

- Шараның басты мақсаты - солтүстік өңірлердің жұмыс берушілерін еңбек ресурстарымен, сұранысқа ие кадрлармен қамтамасыз ету. Фельдшерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, механизаторлар ауылдық елді мекендерге қоныстануда. Кәсіпкерлік қызметпен айналысқысы келетіндер және егіншілікті, мал шаруашылығын дамытқысы келетіндер де көшіп келіп жатыр. Солтүстік өңірлерге қоныс аударудың арқасында адамдар жылыжай шаруашылығын дамыта бастады. Қызмет көрсету саласы дами бастады.

- Қоныс аударушылар көбінесе қай аймаққа көшкісі келеді?

- Негізінен тұрғын үй ұсыну жағы жолға қойылған Солтүстік Қазақстанды таңдаушылар көп. Климаттық мүмкіндіктерді ескере отырып, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарын таңдап жатқандар да бар. Солтүстік өңірлердің әкімдіктері көп балалы отбасыларға көбірек көңіл бөледі. Бір жағынан, бұл демографияны көтереді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT