Жаңа қаулы: Елордалық сауда орталықтары қалай жұмыс істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық әкімдік, СЭС және полиция департаментінің қызметкерлері сауда-ойын-сауық орталықтарының жаңа шектеу шараларында қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арнайы топ қаладағы бірнеше сауда орталықтарына барып, қызметкерлер мен келушілерге елорданың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысындағы санитарлық нормалар мен карантин режимін сақтау қажеттігін түсіндірді.

«Бүгін біз жаңа қағидалар бойынша сауда-ойын-сауық орталықтарының дайындығы мен қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысына мониторинг жүргіземіз. Кеше Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы күшіне енді, онда сауда-ойын-сауық орталықтары жұмысының алгоритмі нақты жазылған. Қаулыға сәйкес, сауда орталықтары барлық қажетті санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, жұмыс күндері сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал демалыс күндері жұмыс істемейді. Яғни, сенбі және жексенбі күндері сауда ойын-сауық орталығында дәріханалар, банктердің есеп айырысу-кассалық бөлімдері және супермаркеттері, гипермаркеттері ғана ашық болады. Қазір де сауда орталықтарының біріне келдік, барлық сақтық шаралары сақталғанын көруге болады. Мұнда арақашық сақталып, дүңгіршектегі, дәмханадағы адам саны 30%-дан аспауы керек», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Сауда және қызмет көрсету саласын дамыту бөлімінің басшысы Руслан Ыдырысов мониторинг кезінде тілшілерге берген сұхбатында.

Айта кетейік, сауда орталықтарындағы кинотеатрлар толық режимде жұмыс істеп тұр. Жаңа қаулы кинотеатрлар жұмысына әсер еткен жоқ, олар күн сайын сағат 10:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істейді және залдағы көрермендер арасында екі орын бос қалып, адам саны 30 пайыздан аспауы керек.

Сонымен бірге, сауда-ойын-сауық орталықтарындағы қоғамдық тамақтану орындары жабық болып қала береді, олар тек үйге жеткізу қызметімен айналыса алады. Ойын-сауық аймағы, әткеншектер мен батуттар да жұмыс істемейді.

Әкімдік қызметкерлері сауда орталығы мен дүңгіршектерді аралады және бірнеше ескерту жасады. Мәселен, кофеханада келушілер арасында бір үстел бос тұруы керек және 30 пайыздан артық толмауы керек. Кезекке тұрғанда арақашық сақталуы қажет. Екі сағат сайын ылғалды тазалау жұмыстары жүріп, сатушылар қорғаныс маскасын ауыстырып тұруы тиіс. Ережеге сәйкес, сауда орталығы ішінде келушілер үздіксіз қозғалыста ғана жүре алады және дәліздегі адам көп топтасатын орындықтарды да жабу керек.

«Мұнда айыппұл салу үшін келген жоқпыз. Ол біздің құзырымызға да кірмейді. Ереже бұзу мәселесін аудандық мониторинг топтары қарастырады. Ал біз нысандардың жаңа жағдайда жұмыс істеуге қаншалықты дайын екенін көргіміз келеді. Бұл ең алдымен өзіміз үшін – адам денсаулығы үшін қажет. Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймаққа» енді, коронавирус жұқтырғандар көбейді, осыған байланысты шектеулер қойылды. Егер қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарса, нысандар бұрынғы жұмыс кестесіне оралады. Ал егер жағдай нашарласа, одан әрі не істеу қажеттігі қаралады», - деді Руслан Ыдырысов.

Еске сала кетсек, 15 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласындағы шектеу және карантин шаралары туралы қаулы жаңартылды.


Соңғы жаңалықтар