Жаңа оқу жылы: Оқушы мен ата-ана нені білуі тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Санаулы күндерден кейін басталатын жаңа оқу жылы қарсаңында оқушыларды да, ата-аналарды да оқу процесінің қалай жүргізілетіндігі алаңдатқаны белгілі. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы және өзге де көптеген мәселеге қатысты нақты мәліметтермен бөлісті.

Алдымен 1 қыркүйек - Білім күнінде оқушылардың салтанатты сап түзеуі болмайтындығын бірден айта кеткен жөн. Бұл коронавирус індетінің таралу қаупі сейілмеуіне байланысты бала денсаулығын қорғау үшін қабылданып отырған мәжбүрлі шара екендігі анық. Жалпы, оқушылардың басым бөлігі қашықтан білім алғанымен, мектеп табалдырығын аттайтындары да бар.

Нақты деректерге жүгінсек, еліміздегі жалпы мектеп оқушыларының 80 пайызы немесе 2,6 млн бала қашықтан оқуын жалғастырады. Ал бастауыш сыныпта білім алатын балалардың 15 пайызы немесе 530 мың оқушы ата-аналардың өтінішімен мектепке келіп, кезекші сыныптарда білім алады.

Шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептердің оқушылары - 5 пайыз. Бұл оқушылар елді мекендегі коронавирус індетіне қатысты ахуал оң болса, онда мектепке барып дәстүрлі форматта оқи береді. Мұндай балалардың саны - 202 мың.

Баспасөз мәслихаты барысында Асхат Аймағамбетов балалардың 80 пайызы білім алатын қашықтан оқыту форматы негізгі 2 бағытта жүргізілетіндігін айтты.

«Әрине, қашықтан оқыту бойынша екі негізгі бағыт бар. Бірінші бағыт - интернет арқылы оқыту. Интернет арқылы оқыту бойынша бізде арнайы бірнеше интернет платформа бар. Жалпы, өткен оқу жылының 4-тоқсанында бізде екі негізгі 2 интернет платформа болса, осы уақытта оған тағы 6 интернет платформа қосылып, 8-ге жетті», - деді ол.

Оның атап өтуінше, осы платформалардың ыңғайына, беріп отырған мүмкіндігіне байланысты мектептер, қалалық, аудандық білім бөлімдері шешім қабылдап, келісімшартқа қол қояды және сол платформамен жұмыс істейді.

«Екінші бағытта балаларға телеарна арқылы сабақ беріледі. «Ел арна» және «Балапан» телеарналары телесабаққа тәулігіне 9 сағатқа дейін эфир бөліп отыр. Телесабаққа келер болсақ, түсірілім «Хабар» агенттігінде жүргізіліп жатыр. Жалпы телесабақтар 1 қыркүйекке дейін дайын болады деп ойлаймыз. Қазірдің өзінде тиісті деңгейде, жеткілікті сабақтар дайындалды», - деді министр.

Жалпы мектеп оқушыларының 15 пайызы дәстүрлі форматта мектепке келіп, кезекші сыныптарда білім алатындығын жоғарыда айттық. Бірақ, бұл ретте ең басты мәселе - баланың денсаулығы мен қауіпсіздігі болғандықтан мектеп әкімшілігіне қатаң талаптар қойылады. Мәселен, әр кезекші сынып үшін үзіліс әртүрлі уақытқа созылады. Тіпті сабақтың басталу уақыты да бір сынып пен екінші сыныпта бірдей болмайды. Ал бір сабақтың ұзақтығы 40 минутпен шектеледі. Кезекші сыныптарда санитарлық талаптар қатаң сақталады.

Бұған қоса, сабақтың ұзақтығын қысқартып, 1 сағаттың ішінде апыр-топыр балаларды оқытып, үйіне жібере салуға да жол берілмейді. Мұны Білім және ғылым министрлігі бастап, жергілікті білім басқармалары жіті бақылауда ұстап отырады.

«Балалар бір кабинетте ғана оқиды. Әдеттегідей бір кабинеттен екінші кабинетке көшіп оқуға жол бермейміз деп шештік. Әр күн сайын термометрия жүргізіледі. Жуу, желдету режимі бойынша тиісті талаптар қолданылады. Шағын жинақталған мектептерде дәстүрлі білім беру барысына да осы талаптар қойылып отыр. Бұған қоса, бір сыныпта 25-30 бала болса, онда оларды 15 баладан аспайтын топқа бөлу керек деген шешім қабылдадық. Осы шешім аясында жұмыс жүргізіледі», - деді министр.

Осы орайда айта кетерлігі, кезекші сыныпқа сабақ берген мұғалімнің қашықтан оқытуға да құқығы бар. Оның мұндай құқығына мектеп әкімшілігі тосқауыл қоймауы қажет. Өйткені, министрдің айтуынша, бұған дейін бастауыш сынып мұғалімдерінде бір ставкаға сағат жетпей қалу проблемасы болған.

Мәселен, үлгілік оқу жоспарына сәйкес бірінші сыныптарда аптасына 24 сағат беріледі. Алайда ағылшын тілі, дене шынықтыру сынды сабақтарды басқа мұғалімдердің беруіне байланысты бастауыш сынып ұстазының орташа жүктемесі 15-16 сағатты құрап, 18 сағатқа, 1 ставкаға да жетпеген. Ал қазір жағдай өзгеріп отыр.

«Қазір біз сыныпты бөлетін боламыз. Айталық, сыныпта 30 оқушы бар. Бүгінгі жағдайда кезекші сыныпта оқыту барысында олар аталған сыныпты 15 баладан екі шағын топқа бөлуге міндетті. Соған орай педагогке жүктеме де артады. Дегенмен, педагог қосымша жұмысы үшін қосымша ақы да алады. Яғни, егер қазір онда 28 сағат болса, педагог барлық 28 сағат үшін жалақы алады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Ескерте кетерлігі, егер осы кезекші сыныптарда не болмаса сабақ беретін мұғалімдерде коронавирус індеті анықталатын болса, онда мектеп жабылуы да мүмкін. Мұны аталған баспасөз мәслихатына қатысқан еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты.

«Егер сыныпта бір оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталса, мамандар эпидемиологиялық тексеріс жүргізеді. Сол сыныптың оқушылары, сабақ беретін мұғалімдер және инкубациялық кезеңде тығыз қарым-қатынаста болғандар оқшауланады. Зертханалық тексеру жүргізіледі. Егер ауру бірнеше сыныпта немесе әртүрлі сыныпқа сабақ берген мұғалімдерден анықталса, онда аурудың одан ары таралуына жол бермеу мақсатында мектеп толық жабылуы мүмкін», - деді Айжан Есмағамбетов.

Асхат Аймағамбетов мектеп оқулықтарындағы олқылықтарға қатысты да ойымен бөлісіп, алдағы уақытта кемшіліктердің толық жойылатынын айтып сендірді.

«Оқулық мәселесі өте маңызды. Бұл баяғыдан келе жатқан, халықтың көкейінде жүрген ең басты мәселенің бірі. Бізде кейбір әріптестеріміз «оқулық - қосымша құрал» деп айтады. Мен онымен келіспейтіндігімді әрқашан айтамын. Оқулық - бала үшін ең негізгі құралдың бірі. Бала оқулыққа сүйеніп оқиды. Оқулықта болған ақпаратты бойына сіңіреді. Сондықтан оқулыққа біз өте үлкен назар аударып жатырмыз. Біз оқулықтың жалпы дайындалу процесін өзгерттік. Жалпы, авторларды алып, бұл солардың ғана проблемасы десек дұрыс емес. Не баспалардың проблемасы деп, баспаға аударсақ та дұрыс болмайды. Қоғамда сондай ой қалыптасқан. Біз министрлік ретінде жауапкершілікті өзімізге алуымыз керек. Өйткені, жалпы осы саясатты жүргізіп отырған министрлік. Әрине, бұл жерде баспалардың, авторлардың жіберген қателіктер бар. Бірақ, негізінде осы саясатты Білім және ғылым министрлігі жүргізіп отыр. Сондықтан біз осы саясатты күрт өзгерттік», - деді министр.

Оның айтынша, кітап дайындау барысында ең алдымен бағдарламалардың дұрыс болуына баса мән беріледі. Содан кейін ғана сараптама жасалып барып оқулыққа енгізілетін болады.

«Сараптамаға мұғалімді 7 күнге шақырып, қаншама кітапқа сараптама жаса деген кезде оның еш тиімділігі болмайды. Өйткені, жақсы мұғалім кітапқа сараптама жасайтын жақсы маман деген сөз емес. Оқулықтану деген бөлек ғылым. Оның өзіндік заңдылықтары бар. Жалпы биыл біз оқулықтарға қатысты жаңа ереже қабылдадық. Енді бұдан кейін шығатын оқулықтар басқа сапада жарық көреді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ министр дерегінше, компьютер жеткізу жұмысы күнделікті жүргізіліп жатыр. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар қаржы бөлген. Бұған қоса, республикалық бюджеттен де қосымша қаражат өңірлерге жіберіліп отыр. Компьютерлер ең алдымен көпбалалы және табысы аз отбасылардың балаларына беріледі.

Бүгінгі күнге дейін жергілікті атқарушы органдар 200 мыңға жуық компьюер сатып алып, оны балаларға таратып беріп үлгерді. Жалпы, жаңа оқу жылына дейін 400 мыңнан астам оқушы қажетті техникамен қамтамасыз етіледі.

Ал осы балалардың қолына тиген мемлекеттік мүлік бүлінген жағдайда бұл мәселе «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 72 және 76-баптары аясында шешілетін болады.

Жалпы өткен оқу жылының 4-тоқсанында балаларға берілген техниканың ешқайсысы бүлінбегендігі белгілі. Бұл ата-аналардың мектеп мүлкіне зор жауапкершілікпен қарайтынын білдірсе керек.


Соңғы жаңалықтар