Жаңаөзенде жаңа кәсіпорындар ашылады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Жаңаөзенде екі жыл ішінде құны 25 млрд. теңге болатын 39 жоба ашылады. Яғни, 1200-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы мақсатта облыс әкімі Серікбай Трұмовтың қатысуымен өткен өңірлік кеңес мүшелерінің кеңейтілген отырысында үшжақты меморандумға қол қойылды. Жаңаөзен қаласының әкімдігі, «Өзенмұнайгаз» АҚ және облыстық кәсіпкерлер палатасының арасында жүргізілген келісім келешекте 39 жобаны іске асыруға көмектеседі.

Премьер-министр Асқар Мамин ірі компаниялардың жергілікті кәсіпорындарды қолдап, олардың мүмкіндігін дамыту керектігін тапсырған болатын. Осыған орай, Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» АҚ-на сервистік қызмет көрсететін шетелдік мекемелердің саны азайтылып, еліміздегі кәсіпорындар шақырыла бастады. Осылайша, 33 компания қызығушылық танытқан.

«Өзенмұнайгазға», «Самұрық Қазынаға» тиісті мекемелердің локализациясын сатып алу, локализациясын жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Сол жобаның бәрін ашсақ, 200-400 жұмыс орнын ашылады»,-дейді Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров.

Қызығушылық танытқан компаниялар Жаңаөзен қаласында кәсіпорын ашып, жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдау керек. Келісімшарттың талабы осы. Осыған келіссе, «Өзенмұнайгаз» АҚ-мен қысқа және ұзақмерзімді шарт жасасады. Негізгі мақсат - Жаңаөзендегі жұмыссыздықты азайту. Бастапқы уақытта 8 жоба іске қосылып, 44 жұмыс орны ашылмақ. Бүгінгі таңда 2 мекеме келісімге келіп, 25 адам жұмыспен қамтылып үлгерген.

«2010 жылдан бері мұнай саласында жұмыс істеп келеміз, мұнай қондырғыларын өндіру, жаңа технологияларды енгізу, қарқынды жұмыс жасаудамыз. Ұзақ мерзімді келісімшартқа отырдық. 80-90 адамды қамтылады. Жартысы вахталық тәсілмен істейді. Еңбекақы 120 мыңнан 350 мыңға дейін есептеледі»,-дейді «Техснаб трэйдинг» ЖШС МОФ директоры Әнуар Төлекешов.


Соңғы жаңалықтар