Жанар Буканова: «Рухани жаңғыру» елді жарқын келешекке жетелей береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына бүгін тура үш жыл толып отыр. Үш жыл ішінде мақала бағдарламалық тұрғыда ауқымды сипат алып, ел ішінде елеулі жұмыстар атқарылып, қоғамдық сананы жаңғырту бағытында нақты жобалар жүзеге асырылды. Бағдарламалық мақалаға үш жыл толуына орай «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Жанар Буканованы әңгімеге тартып көрдік.

– Жанар Қалиханқызы, әңгімеміздің әлқиссасын нақты жобалардан бастасақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған жобалар елімізде қандай өзгерістерге алып келді?

– Бағдарламаның әр бағытында да нәтиже жетерлік. Өзіңіз білетіндей, «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында 13 арнайы жоба жүзеге асырылып жатыр. «Білім культы» бағыты бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы қолға алынған болатын. Қазіргі таңда гуманитарлық цикл бойынша 77 оқулық қазақ тіліне аударылды. Оның 47-сі басылып шығарылып, елдің жоғары оқу орындарына таратылды. Аударылған оқулықтардың бәрін де 100kitap.kz жобасының сайтынан таба аласыз. Олар бойынша 156-ға жуық бейне курс пен қазақ, орыс тілдеріндегі видеодәріс әзірленіп, OpenU порталына орналастырылды.

«Туған жер» арнайы жобасы (революциялық емес, эволюциялық даму бағытында) негізгі блокта - өлкетану және аймақтық меценаттық сипатында жүзеге асырылуда.

Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2019-2020 оқу жылында мектептерде 2179 өлкетану үйірмесі жұмыс істейді. Мектеп бағдарламасының 5-7 сыныптарына «Өлкетану» атты интеграцияланған оқу курсы енгізілген. Бағдарлама іске асырылған 3 жылдың ішінде 270 млрд теңге шамасында демеушілік қаражат жиналды, 2 600-ден астам нысан салынып, 2 142 нысан қайта жаңғыртылды. Осы жобаларды іске асыруға республика бойынша 12 мыңнан астам меценат қатысты.

«Қазақстанның қасиетті географиясы» арнайы жобасының мақсаты - Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін, киелі жерлерін қалпына келтіру, сақтау және танымал ету. 2017 жылдың мамыр айында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми орталығы құрылды. Орталық еліміздің қасиетті орындарына этномәдени экспедицияларды өткізді. Бұл экспедициялардың нәтижесінде «Қазақстанның ұлттық маңызы бар қасиетті орындары» және «Қазақстанның аймақтық қасиетті орындары» атты кітаптар (жалпы тиражы 1000 дана, қазақ және орыс тілдерінде) жарыққа шықты.

Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы бері республикалық маңызы бар 48 тарихи және мәдени ескерткішті ғылыми тұрғыда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ежелгі Отырар қалашығы да қалпына келтіріліп жатыр. «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» атты 3 визит орталық ашылды. Қазақстанның 27 сәулет ескерткіші 3D форматында цифрландырылды. Бүгінгі күні қасиетті орындар бойынша 63 жаңа туристік маршрут жасалды.

«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы Қазақстанның қазіргі мәдениетінің үздік жетістіктерін шетелде танымал етуде ерекше рөл атқарды.

Тағы бір ең жарқын жобаның бірі - «Алтын адамның дүниежүзілік музейлердегі шеруі». Үш жылдың ішінде көрме 26 елде өтті.

71-ші Канн халықаралық фестивалінде Қазақстан Ұлттық павильонының көрмесі де өткенін атап өту керек. Онда соңғы жылдардағы жас режиссерлердің тың туындылары ұсынылды. («Қазақ хандығы» Р. Әбдірашев, «Әміре» Дж. Веспа, «Аруақ» Х. Ахметов).

2018 жылы «Қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің антологиясы» каталогы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарылды.

Проза және поэзия жанрындағы қазақ әдебиетінің шығармалары Біріккен Ұлттар ұйымының 6 тіліне (ағылшын, француз, испан, араб, қытай, орыс) аударылды.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы қазіргі Қазақстанды бейнелейтін табысты адамдарды анықтап, қызметтің түрлі саласындағы жетістіктерін дүйім жұртқа паш етті. 3 жылдың ішінде жобаға 6 мыңнан астам өтініш қабылданған болатын. Интернеттегі жалпыға ортақ дауыс беру арқылы 163 жеңімпаз анықталды (2017 жылы - 102, 2018 жылы - 29, 2019 жылы - 32).

2019 жылдан бастап «Қазақстанның 100 жаңа есімін» анықтау жұмысы Рух.kz порталы арқылы және 100esim.ruh.kz поштасы арқылы жүргізілді. Бүгінгі таңда жүз жаңа тұлғаның жетістігі туралы қысқа метражды деректі фильмдер шығарылып, теледидар мен интернет көздерінде орналастырылды.

– Қалай ойлайсыз, мақала жарияланғаннан бастап ол неліктен көптің сынына ілікті? Оның жүзеге асырылу барысына да сын аз айтылған жоқ...

– Алдымен бағдарламаны қалың жұртшылық, оның ішінде ғылыми қауымдастық аудиториялары зор құрметпен қолдағанын ерекше атап өткім келеді. Мәдени қайраткерлер, жазушылар, қоғамтанушылар, тарихшылар, өлкетанушылар, әлеуметтік процестерді зерттейтін философтар әрине бұл бетбұрысты үлкен үмітпен қарсы алды. Олар біздің өткеннің тарихи жадын сақтауды ғана емес, 4-ші өнеркәсіптік революция жағдайында қазақстандық қоғамның қандай болатынына да алаңдады. Біз жаһандық сынақтарға қаншалықты дайынбыз? Бұл сұрақтың жауаптары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» (2017 жылы айтылған) және «Ұлы даланың жеті қыры» (2018) мақаласында тұр.

Кейін әлеуметтік желілерде жағымсыз пікірлердің болғаны рас. Бірақ сын садағына бағдарламаның өзі емес, оны жүзеге асыру барысы ілікті. Республикалық жобалық кеңселер орталық деңгейде де, өңірлерде де ауқымды жұмыстарды жүргізді. Республикалық деңгейдегі 10-нан астам жоба іске қосылды. Рухани Жаңғыру бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жанындағы Орталық сарапшылар кеңесі үлкен ғылыми-талдау жұмыстарын қолға алды. Өңірлерде аймақтық жобалық кеңселер толыққанды қуатта еңбектенді. Солардың арқасында біз бірегей және әртүрлі өңірлік жобалардың үлкен базасын қалыптастырып отырмыз. Бірнешеуін айта кетейін: Орбұлақ шайқасының тарихи тұрғыда қайта жаңғыртылуы, «Spirit of Astana» халықаралық этно-фольклорлық рух фестивалі, «Zhetysu 360» виртуалды 3D-туры және Қарағанды облысындағы Қымыз фестивалі. Институттың сайтында немесе ruh.kz порталында оқырман 2017 - 2019 жылдар аралығындағы «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өңірлердің 25 үздік тәжірибесімен таныса алады.

Бағдарламаны жүзеге асыруда полярлық көзқарастардың болуы - ұйымдастырушылардың өзінің жобаны бағдарламалық мақаланың мәнін түсіндірместен жүзеге асыруына кірісіп кетуімен байланысты болды. Өкінішке қарай, көптеген қарапайым азамат құс неліктен бағдарламаның бет-белгісіне қалай таңдалғанын, оның қандай құс екенін түсінбеді. Біздің Әлеуметтік Даму институты жүргізген талдау жұмыстары басты назар бағдарламаның екі бағытына аударылғанын көрсетеді. Мәселен, бағдарламаның барлық 13 жобасы тарихи-мәдени жаңғыруға бағытталған. «Сананың ашықтығы», «бәсекеге қабілеттілік», «білім культы», «прагматизм», «эволюциялық даму» сияқты бағыттар бір жобаны жүзеге асырылды. «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға тек 5 министрлік қатысты. Тиісінше, бағдарламаның жүзеге асырылуына халықтың жекелеген санаттары, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар қатыспады. Сондықтан қазіргі уақытта институт «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы бойынша тек аймақтық жобалық кеңселердің қызметкерлері үшін ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер мен оқытушылар үшін де оқу бағдарламаларын әзірлеп жатыр. Қоғамдық сананы жаңғыртуды көздейтін бұл курстар эссе, диссертация жазатын студенттер мен магистранттар үшін қол жетімді. Жыл соңына дейін бағдарламаның мақсаттар мен міндеттері, дамудың шығу тегі мен генезисі туралы жеке монографиялар дайындалады. Жетпейді-ау деген бағыттар бойынша жаңа жобалар жасалуда. Заманға сай маркетингтік тәсілдерді қолдана отырып, мақсатты ақпараттық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінеді.

– Ел болашағы үшін бағдарламаның қай бағыттары маңызды деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, барлық алты бағыт өзара байланысты әрі бәрінің де маңызы өте зор. Елдің болашағы оның тарихи тамырын, мәдениетін танып білмей, бұлыңғыр боп қала бермек. Егер сіз жас ұрпақты білімнің культына ертпесеңіз, болашағын жоспарлау қабілетін қалыптастырмасаңыз, ашық ой мен бәсекеге қабілеттілік, табиғатты құрметтеу және қолда бар ресурстарды (адами, қаржылық және т.б.) ұтымды пайдалануды үйретпесеңіз, ол буынның әлемдік дамудан сырт қалу қаупі бар. Жағдайды тұрақсыздандыруға және революциялық жолды таңдауға емес, әр азаматқа эволюциялық және кезең-кезеңмен дамудың маңыздылығын түсіндірудің мәні зор. Социологиялық зерттеулердің нәтижесі бойынша респонденттердің тек 14 пайызы дамудың басқа сатысына тез ауысады. 60 пайызы тұрақты және эволюциялық дамуды қолдайды. Қазіргі уақытта бағдарламаның барлық бағыты үш негізгі блок бойынша жүйеленген. 1) тұлғаның дамуы («прагматизм», «білім культы», «сананың ашықтығы» және «бәсекеге қабілеттілік» сияқты бағыттарды біріктіреді); 2) ұлт пен халықаралық позицияны дамыту («ұлттық бірегейлікті сақтау» бағыты мен Ұлы даланың жеті қыры: жылқы мәдениеті; ұлы даланың ежелгі металлургиясы, жануарлар стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан - алма мен қызғалдақтар отаны); 3) мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қауымдастықтың дамуы («революциялық емес, эволюциялық даму» бағыты). Бағдарламаны іске асыру жөніндегі бұдан әрі жұмыс осы блоктар бойынша жалғаса береді.

– Елбасы бағдарлама арқылы қоғамдық сананы жаңғыртуды көздегені белгілі. Қазіргі Қазақстан қоғамы қандай құндылықтарды ғасырлар бойы сақтап, қандайынан арылуы керек деп ойлайсыз?

Менің ойымша, бұл сұраққа Елбасының өз сөзімен жауап беруге болады. Нұрсұлтан Назарбаев елді «өзінің тарихымен мақтана білуге, цифрлық өркениет заманында ата-бабаларымыздың сан ғасырлық мұрасын сақтауға және оны сұранысқа ие етуге» шақырды.

Бір ғасырдан астам уақыт бойы Қазақстанның ұлан-ғайыр аумағында 140-тан астам этнос пен этникалық топтар бірге өмір сүріп келеді. Олар бір-бірінің тіліне, салт-дәстүріне, жалпы мәдениетіне өзара құрмет көрсетеді. Қазақстандағы ұлттық мәдениетті сақтап қалудың жолы қандай деген сұрағымызға респонденттердің көп бөлігі этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау деп жауап берді.

Сауалнамаларға сүйенсек жыл сайын заңның үстемдігі және заңға бағыну тәртібін жақтайтын респонденттердің саны артып келеді. Бұл қауіпсіз және толерантты қоғамның кепілі болары анық.

– Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отбасылық құндылықтар мен жеке тұлғаны дамытуға баса мән берілгелі отыр. Бұл бағытта не айтар едіңіз?

– Тұлға тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталады. Әр адам үшін отбасының маңызы зор. Өйткені отбасында тұлғаның дүниетанымы қалыптасып, ол өзінің жеке отбасылық өмірлік тәжірибесін жинайды. Отбасы мемлекеттің кішкентай моделі екенін ескерсек, отбасы мен мемлекеттің бір-біріне өзара ықпал ететіні сөзсіз. Біздің институт ұсынған «Отбасы - бақыт мекені» жобасы неке институтын және отбасын, отбасының рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға, отбасының тәрбиелік әлеуетін арттыруға және отбасындағы дисфункцияны болдырмауға бағытталған. Жоба неке қию туралы өтініш берген кезде жас жұптардың некеге дейінгі диагнозын анықтауға, отбасылық орталықтарды құруға бағытталған.

– Егер бағдарлама жыл сайынғы жемісін берер болса, елдегі 5-7 жылдан кейінгі болашақты қалай елестетесіз?

– Өте қызық сұрақ. Осы жылдың ақпанында біздің институт үш тақырып бойынша болжамды зерттеулерді жүргізе бастады. Олар: инклюзивті көзқарас пен қоғамды дамыту, қазіргі жас қазақстандықты қалыптастыру, халықаралық аренада Қазақстанды таныстыру.

Жыл соңында біз осы зерттеулер бойынша алдын-ала нәтижелерді аламыз. Бұл біздің келесі кездесуіміздің тақырыбы деп ойлаймын. Жалпы, мен біздің қоғамды жақын болашақта инклюзивті сипатта көрем деп ойлаймын. Осыдан бір ай бұрын біздің институтқа ғалымдар, журналистер, сарапшылар - «Еуразиялық көпір» жобасының аясында келген еді. Осы кездесуге қатысушылардың бірі - Ломоносов атындағы ММУ-дің өкілі Дарья Чижова Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бағдарламалық мақалаларымен жақсы таныс екенін атап өтті. Дарья Юрьевна өз сөзінде Елбасының бағдарламасы бірегей құжат екенін және қоғамдастықтың басқа елдерінде баламасы жоқ екенін айтты. Мен Қазақстанның бәсекеге қабілетті ел болуы үшін жеткілікті әлеуеті бар екеніне сенімдімін. Ең бастысы, біздің елде Елбасының өзінің бағдарламалық мақалаларында көрсетілген құнды бағыттары бар. Сұхбатымызды Елбасының «Өткендегі мақтаныш, бүгінге прагматикалық баға беру және болашаққа оң көзқарас - еліміздің табысының кепілі» деген сөздерімен аяқтағым келді.

- Сұрақтарға жауап бергеніңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар