Жанармайды шаруаларға тікелей жеткізудің тиімді тәсілі қаралуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика министрлігі маусымдық егіс науқандары кезінде дизель отынын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тікелей жеткізетін электронды ақпараттық жүйе құруды ұсынды , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңның нормаларына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, республиканың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мұнай өнімдеріне деген қажеттілігі көлемін айқындайды және министрлікке ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын жеткізу көлемі туралы ұсыныстар енгізеді. Осы ұсыныстардың негізінде министрлік Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, маусымдық дала жұмыстарын жүргізуге арналған дизель отынын жеткізу үшін облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекітіп беру кестесін бекітеді. Облыс әкімдіктері өз деңгейінде фермерлерге дизель отынын жеткізу бойынша операторларды белгілейді», - деді Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.

Сондай-ақ ол заңнама бойынша «мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар жыл сайын, мұнай өнімдерін өткізу кезінде 1 наурыз – 31 мамыр және 1 тамыз – 31 қазан аралығы кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге басымдық беруге міндетті» екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы нормаларын ескерсек, мемлекеттік органдар дизель отынын бөлу процесіне немесе операторларды тағайындауға араласпайды.Фермерлер мен ресурс ұстаушылар (зауыттағы өнім берушілер) арасында дизель отынын сатып алуға «тікелей» шарттар жасасу үшін жағдайлар жасау немесе фермерлердің өз бетінше кооперациялануға және дала жұмыстары үшін мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі операторды таңдау мүмкіндігі болуы үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі:

- байланыс деректерін, егістік жерлердің жалпы алаңын, ЖЖМ қажеттілігін көрсете отырып, аумақтық бөліністе ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің деректер базасын құрып;

- отынды тарату үшін электрондық-ақпараттық жүйені енгізу арқылы дизель отынының көлемін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тікелей бөлу мәселесін пысықтауы тиіс», - деді Әсет Мағауов.

Бұған дейін көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне арзандатылған бағамен 400 мың дизель отыны бөлінгені айтылған болатын.


Соңғы жаңалықтар