Жангелдин ауданы Ахмет Байтұрсынұлы ауданы болып өзгере ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысының Жангелдин ауданы Ахмет Байтұрсынұлы ауданы болып өзгере ме? Мәжіліс депутаттарының бұл сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы жөнінде келесі жұмыстар атқарылуда. Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 19 маусымдағы №624 Жарлығына сәйкес Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы аталған комиссия төрағасы болып белгіленді. 2021 жылғы 27 қазанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар бекітілді. Жоспарда Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұраларын халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде насихаттау мақсатында ғылыми, мәдени-ағартушылық, ақпараттық-имидждік іс-шаралар қамтылған. Аталған жоспарда депутаттық сауалда көтерілген бірқатар мәселелер қарастырылған», - деді Ералы Тоғжанов жауабында.

Вице-премьердің атап өтуінше, Қостанай облысы Жангелді ауданының Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы тұлға өмірге келген үйді қалпына келтіріп, жәдігерлермен толықтырып, музей-үй етіп ашу және Байтұрсын әулетінің қорымын қоршауын жаңарту, Қостанай облысының аумағында Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық кешенін салу, Ахмет Байтұрсынұлы ауылына баратын жолды күрделі жөндеуден өткізу, Қостанай облысындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайын», Алматы қаласындағы «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін» абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарда көзделген.

«Сондай-ақ Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген Сарытүбек қонысы аймақтық маңызы бар киелі жерлер тізіміне енгізілгенін хабарлаймыз. Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі Алматы қаласы мәслихатының 2021 жылғы 31 мамырдағы № 51 шешіміне сәйкес жеке меншіктен коммуналдық меншікке алынды. Аталған жоспарға сәйкес, осы жылы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінің ғылыми-реставрациялық жұмыстары үшін ғылыми-жобалау құжаттамасы әзірленетін болады. Сіздер ұсынып отырған Жангелдин ауданының атын өзгерту, Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының атын беру мәселесі қоғамның пікірін ескеру мақсатында жергілікті халықпен, ауылдық округпен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, мәслихат депутаттарымен, ардагерлер кеңесімен талқылау жұмысы, кездесулер ұйымдастырылғаннан кейін нәтижесіне қарай қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес іске асырылатын болады», - деді ол.

Үкімет басшысының орынбасары Ахмет Байтұрсынұлының есімін облыс орталықтарындағы мектептерге, орталық көшелерге (даңғылдарға) беру мәселесі жергілікті жерлердің ономастикалық комиссия отырыстарында қаралатындығын айтады.

«Бұл мақсаттағы жұмыстар заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес барлық өңірлердің әкімдіктері тарапынан іске асырылады. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесі де Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Ал Түркияның Анкара қаласында, Ресейдің Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесін қарастыру аталған жоспарда қамтылған. Жоспарда Ахмет Байтұрсынұлының мұраларын түркі әлеміне насихаттау мақсатында ТҮРКСОЙ ұйымының, отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Ыстамбұл қаласында дөңгелек үстел, фотокөрме ұйымдастыру, Түркістан қаласында Халықаралық түркітанушылар конгресін өткізу, сонымен қатар Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Баку қаласында «Баку конгресі және Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция, Орынбор және Ташкент қалаларында мерейтойға арналған іс-шараларды өткізу қарастырылған», - деді Ералы Тоғжанов.


Соңғы жаңалықтар