Жансейіт Түймебаев ҚХА құрылғалы қандай жобалар жүзеге асқанын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық-саяси рөлі күрделене түсуде. Бұл туралы бүгін ҚХА-ның құрылғанына 25 жыл болуына орай өткен конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақытқа дейін көптеген ілкі жобаларды жүзеге асырғанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Болашаққа арналған естелік» жобасы ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде танылды. Жобаның мақсаты – жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыруға және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге үлес қосу. 2018 жылдан бастап «Қазақтану» ҚХА мәдени-ағартушылық жобасы жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – барлық қазақстандықтардың ортақ мәдени коды, жалпы құндылықтары мен ұлттық тарихи санасы негізінде халықтың бірлігін нығайту», - дейді Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев.

Ол Ассамблея Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған консолидация мен интеграцияның бірегей институты болғанын және солай болып қала беретіндігін айтты. Этникалық топтар кез келген мәселені өз этносы тұрғысынан ғана емес, бүкіл мемлекет пен қоғам тұрғысынан қарастыруды үйренді.

«Ең бастысы, біздің елде оқшаулау стратегиясын таңдайтын этникалық топтар жоқ. Осы жерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатын (2020 жылғы 3 маусым) еске алған орынды. Онда ол «Қазақстандықтар өздерінің этникалық тегіне қарамастан өздерін біртұтас халық, біртұтас ұлт деп санайды» деген. Мемлекеттік құрылымның жаңа кезеңінде «бейбітшілік пен келісім» қағидасының маңызы арта түседі», - дейді ол.

Оның айтуынша, Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі күрделене түсуде, бұл Қазақстан халқының интеграциясының бағыттары мен векторларының барлық спектрін көрсетеді. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданды. Қазақстан Республикасы Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің этносаралық қатынастарды дамыту комитеті құрылды. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Институт қызметінің негізгі бағыты – этносаралық қатынастар саласындағы зерттеулер.

«Аймақтық деңгейде басқару жүйесі де жетілдірілуде. Бұл шаралардың барлығы этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға арналған. Сондықтан бізде ұлттық бірлікті, Елбасының бейбітшілік пен келісімді нығайту курсының сабақтастығын қамтамасыз етудің барлық мәселелері бойынша жауапты жұмыс бар», - дейді Жансейіт Түймебаев.


Соңғы жаңалықтар