Жансейіт Түймебаев Татарстанның Мемлекеттік кеңес төрағасымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Татарстан Республикасы Мемлекеттік кеңес төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездесті, деп хабарлайды ҚХА баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қазақстан мен Татарстан арасында ұлтаралық келісім мен мемлекетаралық байланысты нығайту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, жоғары мәртебелі мейман Бейбітшілік және келісім сарайы мен ҚХА этномәдени бірлестіктерінің жұмысымен танысуға, тәжірибе алмасуға мүдделілік білдірді.

Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың маңыздылығына мән артқан Жансейіт Қансейітұлы Қазақстан мен Татарстанның Ресеймен стратегиялық серіктестіктің аясында жаңа сапалы деңгейге көшкенін атап өтті. «Қазақстан мен Татарстан өзара тарихи және мәдени тұрғыда бір-бірімен тығыз байланысты. Бірнеше ғасырлар бойы қазақтардың тарихы татарлармен қоса өріліп, өрбіп отырғанын айта кету керек. Сондықтан, біздің елімізде этникалық татарлар көпұлтты Қазақстанның белсенді бөлігі болып саналады», - деді Ж.Қансейітұлы.

Қазақстан аумағында өзге этностар секілді татарлардың да ұлттық мерекелері кең көлемде аталып өтіледі. Аймақтардағы барлық этномәдени орталықтардың жанында татар тілін, мәдениетін дәріптеу мақсатында жексенбілік мектептер жұмыс жасауда. Орал қаласында Татарстан Республикасының қолдауымен татардың біртуар ұлы Ғ.Тоқай атындағы орталық пен музей ашылды. Татар тілінде «Яшьлек» мерзімді баспасөзі тұрақты шығып келеді. 2018 жылы «Новый век» татар спутниктік телеарнасының тілшілік қосыны ашылды.

2010 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Татарстан халқы Ассамблеясы арасында ынтымақтастық жөніндегі Келісімге қол қойылған болатын. Жансейіт Қансейітұлы Татарстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Фарид Мухаметшинге ынтымақтастық аясында жүзеге асырылатын бірлескен жобаларды талқылауды ұсынды. Ол татарстандық әріптесін 2020 жылдың ақпан айында Алматы қаласында Татарлар мен башқұрттардың қазақстандық Конгресі тарапынан ұйымдастырылатын татар мәдениетінің фестиваліне қатысуға шақырды. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының түрлі этностардың өз тарихи отандастарымен бірлескен жобаларының көрмесі мен Халықаралық бизнес форумға Татарстан бизнесмендерінің де қатысуына мұрындық болуын сұрады.

«Жастар жылы аясында және Ассамблеяның 25-жылдығына байланысты ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының ұйымдастыруымен көптеген іс-шаралар өтуде. Біздің жастарымыз Татарстан халық Ассамблеясының жастар қанатымен ынтымақтастықта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әзір. Сондай-ақ, екі елдің рухани құндылықтары да ортақ. Бізді Ұлы Абай Құнанбаев пен Ғабдолла Тоқай біріктіреді. Осыған байланысты Абайдың 175 жылдығын атап өту аясында ынтымақтастық пен өзара мәдени байланысты нығайтуды ұсынамын», - деді Ж.Қансейітұлы.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Қазақстанда 201,5 мың татар ұлтының өкілі тұрады. Ел аумағындағы барлық татар-башқұрт этномәдени бірлестіктері «Татарлар мен башқұрттардың қазақстандық Конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігіне біріктірілген.

Соңғы жаңалықтар