+7 (701) 759 90 19
USD 388.07 EUR 427.54
RUB 6.08 CNY 55.36
Jańalyqtar

Жапандағы жалғыз үй. 52 жыл қыстақта тұрған апа

2019 жылғы 28 қыркүйек 11:52
Бөлісіңіз:
Жапандағы жалғыз үй. 52 жыл қыстақта тұрған апа

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ол – 15 жасында тұрмысқа шығып, 6 бала тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп отырған асыл әже. 77 жастағы апаның 52 жыл өмірі тау ортасындағы қыстақта өткен. Бүгінгі мақала Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Аққайнар ауылының тумасы Сабила апа Құрманова туралы болмақ.

Сәбила апа Аққайнар ауылынан 2 шақырым жерде, жан-жағын тау қоршаған Бұлақ қыстауында тұрады. Сол жерде қой, сиыр бағып, қаз ұстайды.

ҚЫСТАҚТА БОСАНДЫМ


- 15 жасымда тұрмысқа шықтым. Ол кезде жолдасым 17 жаста болды. Ол бір үйдің жалғызы еді. Мен өмірге келген кезде екеумізді атастырып қойған екен. Сөйтіп немере сүйгісі келген оның ата-анасы бізді ерте үйлендірді.

- Қыстаққа қандай тағдырмен келдіңіз?

- Жолдасым екеуміз өмір бойы мал бақтық. Бұл қыстаққа келген кезде үлкен қызым мен емізулі ұлым болды. Одан кейінгі 4 балам осы жерде дүниеге келді. Осы қыстақта босанған кезім де болды. Бауырсақ, тоқашымды пісіріп, ұйықтайтын уақыт болған кезде толғағым басталды. Ол кезде аудан орталығына хабарласатын байланыс құралы да жоқ еді. Жолдасым аудан орталығына жұмыстарымен кетіп қалған болатын. Мен балаларымды басқа бөлмеге отырғызып, «Маған қарамаңдар, бәрі жақсы болады!» дедім. Қолыма қайшыны алып, нәрестемнің кіндігін өзім кесіп, жаялыққа орап қойдым. Жолдасым мен енем келген кезде таң қалды.

- Білуімше, екі балаңыз ауылда, қалғаны қалада тұрады екен. Олардың қолына бару туралы ой келе ме?

- Иә, ауылда да, қалада да балаларым бар. Қалаға барған кезде көңілім құлазып, жарты ғасырдан астам уақыт тұрған қыстағымды аңсап тұрам. Әзірге осы жерде болып, өз қолыммен дайындаған ірімшік, құрт, сүтімді бала-шаға, немерелеріме жіберіп тұрсам – арманым жоқ.

АУДАН ОРТАЛЫҒЫНА АТПЕН БАРЫП-ҚАЙТАМ


- Биологиялық жасыңызға қарағанда жас көрінесіз? Бетіңізге айран жағып немесе басқа да жолдармен арнайы күтінесіз бе?

- Арнайы күтінген кезім болған емес. Сүт те, құрт та, ет те – бәрі табиғи өнім болған соң денсаулығым да жақсы. Атқа мінудің өзі адам денсаулығына өте жақсы әсер етеді. Атпен жүретін адамның омыртқасы ауырмайды. Кезінде аудан депутаты болдым. Аудан орталығында өтетін іс-шараларға атпен баратынмын. Жол жүрген кезде баламның бірін алдыма, екіншісін артқы жағыма мінгестіріп алатынмын. Әлі күнге дейін атпен жүремін.

- Қой, сиыр бағуға көмектесетін көмекшілеріңіз бар шығар?

- Иә, бар. Олардың тамақтарын әзірлеп, күнделікті жұмыстарын өзім қадағалап отырамын.

- Сіз үшін қой мен сиырдың қайсысын баққан жайлырақ?

- Негізі сиыр бағу жайлырақ. Олар бір орнында жата береді, ал қойлар тоқтамай жүре береді. Олардың соңынан қалмай ілесіп, қайырып, бағуың керек.

БІР БАЛАҢА СЫЙМАСАҢ, ЕКІНШІСІ БАР


- Сіздің бір күніңіз қалай өтеді? Қысқаша айтып бере аласыз ба?

- Сағат таңғы 4:30-да тұрам. Сиыр сауып, қойшылардың тамағын беремін. Одан кейін сепараторға сүт тартып, құрт, ірімшік қайнатамын. Май шайқаймын. Осылай қыбырлап жүргенде кеш те батады. Жайылып келген қойларды қамап, ертеңгі тіршілікке дайындала бастаймын.


- Теледидар көріп, тынығатын уақытыңыз бола ма?

- Бос уақытымда теледидардан жаңалықтар көремін, құрақ-көрпе тігемін. Ауылда тұратын ұлым қыстақта тұрсам да жарығымды тартып, теледидар алып келіп, жағдайымды жасап қойған десем болады.

- Ауылыңыздан оқшау тұрғанмен, елімізде, әлемде болып жатқан жаңалықтардан хабардар екеніңізді айттыңыз. Қазіргі қоғамда неге көңіліңіз толып, неге толмайды?

- Жастарға көңілім толады. Олар ақылды, білімді, әдемі, зерек. Мен оларға қарап жігерленемін. Қалада тұрып жатқан немерелерім де маған шабыт сыйлайды. Бірінің үй алуына, бірінің оқу ақысын төлеуге көмектесіп, құрт-майымды жіберіп отырсам – бақыт емес пе? Жағдай болса көпбалалы болуға ештеңе жетпейді. Ауылда өз-өзіне ерекше күтіммен қарайтын келіншек болған. Ол «Көп бала тапсам, мүсінім бұзылады, сөйтіп өмір көшінен қалып қоямын» деп ойлайтын. Оның жалғыз ұлы ержетіп, өз жолымен кетті. Әлгі келіншек кейін қартайып, өмірден озар кезінде «Мен қатты қателесіппін. Көп балалы болуым керек еді. Бір балама сыймасам, екіншісі балама барар едім. Ұлым өзімшіл болып өсіп, қартайғанда жалғыз қалдым» деп жылады. Көп балалы отбасында дүниеге келген бала бауырмал, көпшіл болады, сондықтан жас кезде қорықпай бала сүйген дұрыс. Қалған қиыншылықтар уақыттың еншісінде: өтеді де кетеді.

ҚҰНДЫЗ, ТҮЛКІ АТЫП АЛДЫМ





- Қыста өмір сүру қаншалықты ыңғайлы? Мысалы, өзіңіз бала-шағаңызбен жалғыз қалған кезіңізде көңіліңізге қорқыныш ұялатқан немесе басқа да қызықты жағдайлар болды ма?

- Қайсыбір жылы жайлаудағы палатканың ішіне құндыз кіріп кетті. Оны көрген қызым шошып, қашып кетті. Құндыз – дене тұрпаты бойынша иттен кішілеу, ескек тәрізді құйрығы бар, терісі бағалы аң. Сол аңды күрекпен ұрып өлтіріп алдым. Тағы бірде дәл сол палаткаға түлкі кіріп кетті. Оны мылтықпен атып алдым. Біздің ауыл таулы аймақ болғандықтан, шабындық жердер көп емес. Ер адамдар шөпті қолмен шауып алатын. Ондай кезде мен бала-шағаммен жайлауда жалғыз қалатынмын. Жайлаудың бір жағы жазық дала болса, енді бір жағы ну орман болатын. Түн ішінде найзағай соққан кезде айнала жап-жарық болып кетеді. Мал үркіп, кетіп қалса, оны өзім жалғыз барып қайырып алып келетінмін. Бұл жердің әр тасы, әр гүлі, әрбір қыбырлаған тіршілігі мен үшін ерекше ыстық. Ескен желі, қалықтаған бұлтынан-ақ алдағы күні ауа райы қалай болатынын біліп отырамын. Соққан жел бұлтты ұшырып әкеткенде, ай толған кезде жауын жаумайды. Қандай табиғи құбылыс болса да қорықпаймын. Бәрі бір Құдайдың қолында, «бісмілләмді» айтып жүре беремін.

БҰЛ ЖЕРДЕ ЖОЛДАСЫМ ОТЫРҒАН, ЕНДІ МЕН...



- Катонқарағай ауданында туризм саласы жақсы дамып келеді. Еліміздің басқа аймақтарынан емес, шетелдік туристер де жиі келе бастады. Олар сізге арнайы келіп, сәлем беріп кететін шығар?

- Иә, олар қолымнан шай ішіп, менімен суретке түсіп, мынадай ғажап табиғатқа тамсанып қайтады. Осындай жапан далада, тау ортасында жалғыз тұратынымды білген кезде таңдана қарайды.


- Жолдасыңыз өмірден озғалы неше жыл болды?

- 10 жыл бұрын жолдасым өмірден озды. Сол кезде балаларымызды, өсіп келе жатқан ұрпағы мен төрт түлігін маған аманат етіп кетті. Сол аманатқа қиянат жасай алмайтыным анық. Дәл осы шоқыда жолдасым жайылып жүрген қойларды бақылап отыратын. Ал қазір оның орнында өзім отырамын. Бәлкім, немерелерімнің бірі осы жолды жалғап, ата-әжесі отырған шоқыда өзі де отырып, төрт түлікті түлетер. Алла тағала сол күнге аман-есен жеткізсін.

АНАМДЫ ҚАЛАҒА АПАРУ – МҮМКІНДІГІН ШЕКТЕУ

Осы орайда Сәбила әженің ұлымен әңгімелесіп көруді жөн санадық.

- Анаңыздың осылай оқшау жерде, қыстақта тұрып жатқаны үшін сізді сөгетіндер де табылар?

- Иә, дұрыс айтасыз. «Қартайған анасына мал бақтырып, қыстақта ұстап отыр» деп ойлайтындар аз емес, бірақ мен олардың әрқайсысына негізінде мән-жай қалай екенін түсіндіргім келмейді. Ең бастысы – осы жерде анамның жүрегі тыныш. Қалада зәулім үйде тұратын балалары бар, бірақ анам осы қыстақты артық көреді. Әр адам үшін сүйікті ісімен айналысудан артық демалыс жоқ сияқты. Анамның қолынан жасалған құрт, ірімшік, майдың дәмі ауыздан кетпейді. Анам ол жерде мұқтаждықтан емес, жан қалауы болғандықтан тұрып жатыр. Адам баласы қартайған сайын дәрменсіз бола бастаса, біз – балалары не себепті оған үстемдік жасап, жұрттың сөзінен ұялғандықтан қалаға көшіріп тастауымыз керек? 77 жастағы адамды қыстақта тұрғызу оңай емес. Қыстаққа жарық тартып, қажетті жиһаздары мен теледидар, тоңазытқыш сияқты қажетті дүниелерді алып жағдайын жасауың керек. Мен анамның жағдайын жасап отырмын. Оны қалаға апарып, төрт қабырғаға қамап қою - мүмкіндігін шектеумен бірдей сияқты.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Зарина Қаһарман

Фотолар автордікі

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT