Жапония Ресейге люкс көліктерді экспорттауға тыйым салды

None
None
ТОКИО. Киодо-ҚазАқпарат – Жапония экономикалық санкциялар аясында Ресейге люкс автокөліктер мен басқа да тауарларды экспорттауға тыйым салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Kyodonews агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің хабарлауынша, министрлер кабинеті 5 сәуірден бастап эмбарго (шетелге тауар жіберуге тыйым салу) енгізу туралы қаулыны қайта қараған. Қаулыға зергерлік бұйымдар мен өнер туындылары да қосылды.

Жапонияның экономика, сауда және өнеркәсіп министрі Коичи Хагиуданың сөзіне қарағанда, бұл қадам Ресей президенті Владимир Путинге қолдау көрсетіп отырған олигархтарға қысымды күшейту мақсатында жасалып отыр. АҚШ пен Еуропалық одаққа мүше елдер де осындай шешім қабылдаған болатын.

«Біз халықаралық қауымдастықпен, атап айтқанда, «Үлкен жетілікпен» қатаң санкциялар енгізу жолында бірігіп жұмыс істейміз», - деп мәлімдеді баспасөз мәслихатында Коичи Хагиуда.

Жапония үкіметінің деректеріне сай, Ресейге жіберілетін тауарлардың басым бөлігі – автокөліктер. 2020 жылы Ресейге 627,8 миллиард иен сомаға (5 миллиард доллар) көлік жөнелтілген.


Соңғы жаңалықтар