Жарылғыш зат туралы жалған хабар берген СҚО тұрғыны екінші рет сотталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Қиялы ауылының 58 жастағы тұрғыны терроризм актісі туралы жалған хабарлама бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққайың ауданы Қиялы ауылының 58 жастағы тұрғыны 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол былтыр желтоқсан айында мас күйде Төтенше жағдайлар департаментіне қоңырау шалып, жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлаған. Ер адам жарылу қаупі бар зат Петропавлдағы көп қабатты үйлердің біріне қойылғандығын айтқан. Салдарынан бүкіл арнайы қызмет «аяғынан тік тұрып», бірнеше сағат бомбаны іздеді. Ақпараттың жалғандығына көз жеткізіп барып, терроризмге қарсы операцияны доғарды.

Ойнаймын деп от басқан ер адам бұл әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Күдікті бірден анықталып, Аққайың ауданының Қиялы ауылында ұсталды. Бұрын ол осындай қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеген, алайда сабақ алмаған.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы - терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделген. Қылмыстың алдын алу мақсатында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», - дейді СҚО ПД Экстремизге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев.

Бұған дейін Петропавл қалалық соты облыс орталығындағы көп қабатты үйге жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабарлаған ер адамды бір жылға бас бостандығынан айырған еді.


Соңғы жаңалықтар