Жас медицина мамандарын ауылда жұмыс істеу үшін ынталандыру керек – Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауылдарда жұмыс істеуге жас медицина мамандарын жаппай тарту қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауында Үкіметке медициналық алғашқы көмекті ұйымдастырудың тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды тапсырды. Халықтың басым көпшілігіне, әсіресе ауылды жерлерде мобильділік пен қолжетімділік аса қажет. Бұл міндеттер «Нұр Отан» партиясының бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасында белгіленген», - деді Үкімет басшысы.

Сондықтан Премьер-Министр алғашқы көмекті жаңарту мен оған халықтың қолжетімділігін кеңейту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау керектігін баса айтты.

«Қазіргі уақытта амбулаториялық емхана объектілері ғимараттарының ең жоғары тозуы мен ең төмен техникалық жарақтандыруы Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады. Ауылдарда жұмыс істеуге жас медицина мамандарын жаппай тарту, оларды ынталандыру қажет екенін атап өткім келеді. Әсіресе Түркістан, Ақтөбе облыстарында жас кадрларды материалдық ынталандыру жұмысы жеткіліксіз жүргізілуде. Бұл бағытта Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарының жас мамандарды әлеуметтік қолдаудағы тәжірибесін пайдалану керек», - деді Асқар Мамин.

Оның атап өтуінше, республикада 2025 жылдың соңына дейін 487 объектіні салу жоспарланған.

«Сонымен қатар, 600 астам алғашқы медициналық көмек көрсету объектілерін күрделі жөндеуден өткізу қажет. Қабылданып жатқан шаралар, әсіресе ауылдық елді мекендерді, алғашқы медициналық көмекпен қамтуды едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Жалпы Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған тәсілдерді мақұлдауды ұсынамын», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар