Жасөспірімдер тәрбиесі бағытында ауқымды жұмыс жасалуда - Марал Жақыпова

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Жасөспірімдерді кітаппен тәрбиелеуде Ақмола облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Ақмола облысының «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесінің басшысы Марал Жақыпова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы Ақмола облысының танымал ақын-жазушыларының көркем шығармаларынан үзінділер алынған бірінші және екінші сериясын шығардық. Оны алғашқысында он аудиокітап жергілікті ақын-жазушылардың көркем шығармалары қамтылса, екіншісінде Көкшетау және Бурабай туралы жазған қазақстандық ақын-жазушылардың шығармалары топтастырылды. Енді міне, Баянғали Әлімжанов бастаған акмолалық ақын-жазушылардың балаларға арналған шығармаларын жинастырып, аудиокітаптың үшінші сериясын шығаруда жоспарлап отырмыз. Жалпы, өңірде жасөспірімдерді кітаппен тәрбиелеуде ауқымды жұмыстар атқарылуда», - деді Марал Жақыпова.

Сонымен қатар, ол Ақмола облысының «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесі өткен жылы облыс бойынша 37 жобаны жүзеге асырғанын атап өтті. Олардың қатарында өңірлік кеңсенің онға жуық тұрақты жобалары бар. Жастардың белсенділігін арттыруға, мамандық таңдауда көмек болсын деген мақсатпен «Ақмола облысының таланттары» жобасы қолға алынды. Онда әр салада жоғары жетістіктерге қол жеткізген жас таланттар туралы 50-ге жуық пост жарияланды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде, Ақмола облысының есімі аталмай қалған тумалары, Алаш қайраткерлері туралы «он дерек» жобасы бойынша 30-дан астам бейнеролик жарық көрді. Қоршаған ортаны аялау мақсатында «Көкшетау – көк қарағай мекені» атты экологиялық акциясы ұйымдастырылды.

Жас түлектерге арналған «Мен таңдаған мамандық» эссе байқауы ұйымдастырылды, сондай-ақ, «Мемлекеттік тіл - менің тілім» жобасы аясында өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен бейнероликтер жарияланды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» атты облыстық алғаш онлайн режімдегі ақындар айтысы көрермен көңілінен шықты. «Біз – Абай жолындамыз» республикалық байқауы да мәресіне жетті. Ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесі оқу-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып республикалық «Біз – Абай жолындамыз» онлайн эссе байқауын өткізді. Байқауға қатысуға тілек білдіргендер Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып шығып, ақтық кезеңге жолдама алды. Онлайн байқаудың мақсаты да сол, «Абай жолы» романының жаппай оқылымын ұйымдастырып, жастар арасында Абайдың тарихи тұлғасын кеңінен танымал ету болды.

Ақмола облысындағы 60-тан астам әженің қатысуымен «Ертегілер елінде» жобасы, «Бабалар рухы балаларға» 7-14 жастағы ұлдар арасында батырларын жырынан байқау өткізілді. «Рухани жаңғыру - жаңа қырынан» атты жыл нәтижесі бойынша жасалған 20 минуттік ақпараттық - деректі фильм жарық көріп, «Бабалар рухы – балаларға» атты облыстық онлайн байқауы ұйымдастырылды. Байқау батыр бабаларымыздың даңқты тұлғаларына тағзым етіп, олардан мирас болып қалған ерлік пен өрліктің рухын жас жеткіншектердің бойына сіңіру мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен бірге, биыл «Батамен ел көгер» ақсақалдар арасында бата байқауын өткізу де жоспарланған.
Соңғы жаңалықтар