Жастар кәсіпкерлігін қолдау жөнінде нақты саясат жоқ - Мәулен Әшімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет жастар саясаты бағытында түрлі жобаларды жүзеге асыруда, алайда оған жастардың тартылу деңгейі төмен. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат төрағасы сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін қолдау жөнінде нақты әрі пәрменді саясат жоқ екенін мәлімдеді.

«Жастар өз бизнесін ашудан бас тартудың себептерін 32% бастапқы капиталдың жоқтығын және 18% өзіндік бизнес құру үшін білімнің жетіспейтіндігін айтады. Осыған байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды, оларға қомақты бюджет қаражаты, оның ішінде «Атамекен» ҰКП желісі бойынша да бағытталады», - деді М. Әшімбаев Сенаттағы «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбындағы парламенттік тыңдау кезінде.

Жиын барысында жастар үшін маңызды мәселелердің бірі тұрғын үймен қамтамасыз ету болып қалатынын атап өтті. Қазіргі уақытта жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы жұмыс істейді.

«Алайда тұрғын үй мәселесінің өткірлігін ескересек, бұл шаралардың барлығы әзірше жеткіліксіз. Осы тұрғыда біз жастар саясатының жастардың нақты проблемалары мен қажеттіліктерінен біршама алшақтығын көріп отырмыз. Мемлекет жастар саясаты саласында түрлі бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда, алайда оған жастардың тартылу деңгейі төмен. Көбінесе ол 10%-дан аспайды. Жастардың республикалық және өңірлік жастар ұйымдарының жұмысына қатысу деңгейі де төмен», - деді Сенат төрағасы.

Парламенттік тыңдауда жастардың құндылықтар жүйесін қалыптастыру мәселелері де көтерілді. Келтірілген деректер бойынша, қазақстандық жастар негізінен дәстүрлі құндылықтарды ұстанады. Ал кәсіп, өзін-өзі тану, шығармашылық және қоғамдық танылу сияқты жаңғыру құндылықтардың біздің жастар үшін аса маңызы жоқ.

Мәулен Әшімбаев осы мысалдарды келтіре отырып, біз үшін отбасы мен достықтың дәстүрлі құндылықтарын сақтау, сондай-ақ жастарға инновациялық экономика қалыптастыру үшін қажетті құндылықтарды сіңіру маңызды екенін атап өтті.

Онсыз қоғамда құндылықтардың жаңа жүйесін болжайтын жаңа Қазақстанды құру қиын болады», деп қорытындылады Сенат төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, М. Әшімбаев барлық реформаның түпкі мақсаты да жастардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың дамуына жағдай жасауға арналғанын атап өтті.

https://kaz.inform.kz/news/zhastar-sayasaty-elimiz-ushin-basym-bagyttardyn-biri-maulen-ashimbaev_a3935149


Соңғы жаңалықтар