Жастар ұйымдарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Ораловтың төрағалығымен министрлік жанындағы Жастар ұйымдарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үйлестіру кеңесінің онлайн-отырысына республикалық жастар ұйымдарының жетекшілері мен өкілдері, орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері және басқалар қатысты.

Үйлестіру кеңесінің төрағасы Асхат Оралов, орталық мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдары арасындағы өзара іс-қимыл мен тұрақты диалогтың маңыздын атап өтті.

2020 жылғы жастар және отбасы саласындағы жұмыстың негізгі нәтижелері және 2021 жылға арналған өзекті міндеттер туралы Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов айтып берді.

Қатысушылар отырыс жұмысының барысында «Жастарды дамыту индексі» ұғымына ерекше тоқталды.

Атап кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 15 қаңтарында өткен ҚР Парламентінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстанда әлемдік тәжірибеге сәйкес жастардың даму индексін енгізуді ұсынды. Мәселен, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры А.Сақошев заң жобасы аясында «Жастарды дамыту индексі» ұғымын білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, бос уақыт және инфрақұрылымға қолжетімділік салалары бойынша негізгі индикаторларды қамтитын мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бөлігінде жергілікті атқарушы органдар қызметі тиімділігінің кешенді көрсеткіші ретінде толықтыру ұсынылатынын айтты.

Отырыс барысында республикалық жастар ұйымдарының өкілдері ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарларымен бөлісіп, одан әрі тығыз ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.

Айта кетейік, Жастар ұйымдарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі ҚР заңнамасына сәйкес құрылатын және өз қызметін жастар ұйымдарының тиімді өзара іс-қимыл жасауы, қызметін үйлестіруді күшейту және одан әрі жетілдіру жөнінде ұсынымдар тұжырымдау мақсатында жүзеге асыратын, уәкілетті орган жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.


Соңғы жаңалықтар