Жастар жылы: Елорданың үздік жастары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Елорда жастары сыйлығы - 2019» байқауының жеңімпаздары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін елорданың әр сала бойынша үздік жас маманы мен өз ісінің шеберін анықтаудамыз. Елбасының ұсынуымен биылғы жыл «Жастар жылы» болып жарияланды. Осы орайда бұл шара жыл бойы атқарылған жұмыстың қорытындысы десек те болады. Әрине бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба береді. Мемлекет өз тарапынан өзін дамытамын деген жастарға түрлі мүмкіндіктер жасап отыр. Біздің жастарымыздың барлық сала бойынша ауыз толтырып айтатын жетістіктері жеткілікті. Бұның барлығы еңбектің арқасы. Нұр-Сұлтан қаласы жастардың қаласы, армандар орындалатын қала. Бүгінде біздің астанамызды әлем таниды, елордамыздың дамуына жастардың қосқан үлесі зор», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов елорданың үздік волонтеры номинациясын табыстай тұрып.

Байқау жеңімпаздарына 100 мың теңгенің сертификаты мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

«Менің волонтер болу идеям өзіме мен бұл өмірде кіммін деген сұрақтан кейін келді. Мен адамдарға көмектесу арқылы, жақсылық жасағым келді. Мен волонтерлік іспен 2018 жылдан бастап айналысып келемін. Осы уақыт аралығында көптеген шараларға қатыстым. Биылғы жыл бойынша ерекше айтып өтетін мен қатысқан шара ол елордада өткен күрестен әлем чемпионаты. Спорттық шараға 4 мың спортшы қатысты, біз солармен тікелей жұмыс істедік. Менің ондағы міндетім, келген спортшыларды әуежайдан күтіп алып, қонақ үйге жеткізу. Жалпы волонтерлік жан-жақты сала. Бүгін сенбілікке шығып көше тазаласақ, ертең көмекке мұқтаж жандардың отбасына барып үй жұмыстарына қол ұшын созамыз», - деді елорданың үздік «Жыл волонтеры» атанған №66 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Мирас Мұрат.

Айтулы кеште елімізге белгілі сахна жұлдыздары Маржан Арапбаева, Ринат Мальцагов, Әміре, Рүстем Жүгінісов, Диас Аблаев және тағы басқалар өнер көрсетті.

«Елорда жастары сыйлығы- 2019» байқауының жеңімпаздары:

1. Эстрада – Мирас Жүгінісов;

2. Ғылым – Қуаныш Ерсаханов;

3. Журналистика – Риза Данияр;

4. Кино және театр – Самат Әзімқұлов;

5. Ұлттық өнер – Әсел Әлібекова;

6. Спорт – Мадияр Мусаифов;

7. Мемлекеттік қызметкер - Таңшолпан Ерманова;

8. Әлеуметтік саланың үздік қызметкері – Жүнісәлиевтер отбасы;

9. Қоғамдық қызмет – Асылбек Әбдурашитов;

10. Өндірістің үздік қызметкері – Сабина Отарова;

11. Заманауи шығармашылық өнер – Ақбота Тоқтасынова;

12. Үздік студент – Абдрауф Орал;

13. Үздік жастар театры – «Шаңырақ» театры;

14. Жас кәсіпкер – Айгерім Бапанова;

15. Жыл волонтеры – Мирас Мұрат.

Соңғы жаңалықтар