Жасыл экономиканы дамытуға маңызды қадам жасалды - Ұлттық кеңес мүшесі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Арман Қашқынбеков Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі «Энергияның баламалы көздері туралы» жаңа заң әзірлеу керек деген тапсырмасына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі жиында Президент Үкіметке баламалы энергия түрлерін қолдау туралы жаңа заң әзірлеуді тапсырды. Қазақстанда 2009 жылы қабылданған заң бар. Алайда, ол сутегі, көміртегі газметан, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу сияқты энергия түрлерін қамтымайды. Сондай-ақ, өндірістік газдар және геотермалдық энергия сияқты түрлері қалып қояды. Сондықтан, бұл тапсырма экономиканы әртараптандыру мен энерготиімділікті төмендету аясында жасыл экономиканы дамытуға жасалған маңызды қадам деп санаймыз», - деді Арман Қашқынбеков.

Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысы Үкімет отырысында Энергетика министрлігіне Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансын әзірлеуді тапсырғанын атап өтті.

«Сондай-ақ, Президент Экология министрлігіне 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырды. Аталған жоба жасыл технологияны, экологиялық, энергия үнемдеуші технологияларды қамту керектігі айтылды. Біз жасыл қауымдастық ретінде Мемлекет басшысына үнемі қолдау көрсетіп отырғаны үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Ұлттық қоғамдық сенім кеңес платформаның жұмыс істеуі өте жақсы. Бұл формат әрі қарай да нәтижелі жұмыс істейді деп сенеміз», - дейді ол.

Еске салсақ, Ұлттық кеңестің бесінші отырысы өтті. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында ротация жасалды. Жаңартылған Мәжіліс құрамында Ұлттық кеңестің 9 мүшесі бар. _Өткен жылы 22 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы, ал 2019 жылы 6 қыркүйекте алғашқы отырысы болды.
Соңғы жаңалықтар