Жауапты кезеңдегі жауапты міндеттер айқындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламенттің кешегі жаңа сессиясының ашылуында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты бұл Жолдаудың ерекшелігі – қазіргі нақты ахуалға қарай мемлекеттік дамуды бейімдеу болып отырғаны анық. Мемлекет басшысы елдік дамудағы барлық дерлік бағыттарды түгел қамтып, нақты бағдарды айқындады. Ендігі мәселе осы айтылғандарды тиісті деңгейде жетер жеріне жеткізе орындау. Осыған байланысты бірқатар сарапшылардан пікір алынған еді.

Жабал Ерғалиев, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі:

- Дүниеге өзгеріс керек еді. Адам баласы сол өзгеріс қажеттілігін айтып жүрсе де, сол дүние өзгерісіне өзінің онша ынталы болмағаны да анық. Сол өзгерісті жасауға короновирус пандемиясы еріксіз мәжүбірлегендей болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тың ойлар мен нақтылы шешімдер осындай тұжырым жасауға әсер етті.

Індеттің қаншалықты зардапты болғандығын айта келіп, Президент «ең бастысы – біз азаматтардан ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жарияладық. Қаншалықты ащы болса да, шындықты айтып отырмыз. Бұл – кейбір мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы», - деп мәлімдеді. Тағы бір анығы, осы індет кезінде Мемлекет тарапынан халыққа нақтылы қолдау болғандығын айтқан ләзім. Әлеуметтік көмек те көрсетілді. «Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік.Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды», - дей келіп Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданып, уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматтарға 42 мың 500 теңге мөлшерінде көмек берілгендігін, бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалғандығын алға тарты. Және де Президенттің айтуынша «Осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ» екен. Бұл Қазақстанның өз халқы алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті әрдайым жоғары қойып келе жатқандығының жарқын бір көрінісі деу керек.

Бір атап өтерлігі сол, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халқына арнап отырған бұл екінші Жолдауы болса, осы жолғы құжатта еліміздің әлемдік дағдарыс жағдайындағы алда тұрған міндеттерді нақтылы атап көрсетілуі Қазақстанның болашағына деген сенімді нығайта түсті. Індеттің етек алуы бар, одан қалды шағын және орта бизнес саласының шектеулі жұмыстары халықтың табысын азайтты. Жұмыстары тоқтап қалғанна кейін көптеген сала күрделі жағдайларға кезікті. Міне, осы жағдайдан, яғни осы тығырықтан еліміз қалай шығар екен деген ой әрқайсымызды мазалайтын.

Сол ой түкпірінде жатқан беймаза жайларға жарық бір сәуле түскендей болды да, ел болашағының кемел екендігіне сенім нығая түсті. Сол сенімді Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды!» деп Жолдауында халқының алдында анық мәлімдеген сәтте тағы да айқын сезінгендей болдық.

Жер мәселесі біраз жылдардан бері түрлі саяси ойындардың ошағына айналғаны да жасырын емес. Енді міне, қазақ жері өзімдікі деп сол жерге барынша жанашырлықпен және мейлінше жауапкершілікпен қарайтын кез келді. «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек», - дей келіп Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болатындығын жария етті. Расында да, Қазақстанның жер жағдайында осы өнімдерге деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай шет елдік рынокққа да батыл қадам жасауға болар еді. Ендігі мәселе осы істі ұйымдастыруда қалып отыр.

Осыған орай Президенттің вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдалану және жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алатындығын ескеріп, оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек деген ойын жүзеге асырудың зор маңызы бар деп санаймыз.

«Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды,-деп Мемлекет басшысы басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отырғандығын ашық айтты.

Әлі де болса, ауыл еңбеккерлерінің ауыр да бейнетті жұмыстары тым арзан бағаланып жүргендігін және осы саладағы табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жататындығы елімізде рыноктық экономика басталғалы айтылып келе жатқаны анық. Бұл мәселе де Жолдауда айтылмай қалған жоқ. Және де Президент Жолдауында «Сондықтан, субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет»,-дей келіп, ендігі арада АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУДЫҢ 5 ЖЫЛДЫҚ ЖОБАСЫН ӘЗІРЛЕУ жөніндегі тапсырмасы өте орынды ұсыныс болды. Ендігі арада агроөнеркәсіп саласы нақтылы бір жоспармен дамитындай болса, осы салаға бөлініп жатқан қаржы мен түрлі ресурстардың жұмсалуын қатаң бақылау мүмкіндігі туары да анық.

Еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болатындығын Президентіміз өз Жолдауында анық та ашық айтты. Бұл ел болашағы үшін әрқайсымыздың жауапты екендігімізді ұғындырады. Осы арада биылғы жылдың 25 маусымында республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елімізді өркендету, көркейту-тек қана өз қолымызда. Біздің осындай сындарлы сәтте қателесуге еш құқымыз жоқ. Және мемлекет құрушы ұлт ретінде бұл мәселені бірінші кезекте өзіміз терең сезінуіміз қажет. Өйткені қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деп айтқаны ойға еріксіз оралатыны бар.

Жалғыз қазақ халқының ғана емес, жалпы адамзаттың тағдыры тарих таразысында тұрған осы бір өліра тұста Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси құрылымына кейбір өзгерістер енгізу жөніндегі нақтылы ұсыныстары көңілден шықты. Әсіресе, мемлекеттік аппаратты ықшамдау қажеттілігі бұрыннан туындаған мәселе болатын. Бұл орайда Министрліктердегі жауапты хатшылар институтына Президент арнайы тоқталып өтті. Жауапты хатшылық институтын енгізген кезде министрлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстан босату және аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді деген ой іс жүзінде өзін ақтамады. Президенттің Министрліктердегі жауапты хатшыларды, мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту жөніндегі ұсынысы орынды деу керек. «Квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуға тиіс», - дей келіп Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингілерінің рөліне арнайы тоқталып, портфельді компаниялардың санын 2 есеге азайтып, штат саны да 50 пайызға қысқаруға тиісті екендігін мәлімдеуі кейде негізсіз ұлғайтыла берер шығындарды қысқартуға жаңа мүмкіндік туғызары анық. Біз ендігі арада аз күшпен, шығынды аз жұмсай отырып, мол қайтарым беретіндей жұмыс тәртібін берік орнықтыруға міндеттіміз.

Қазақстандық қоғамды тағы да бір алаңдатып жүрген мәселенің бірі - сыбайлас жемқорлық болса, Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір мәселеге қатысты өз ұстанымын бұрын да айтқан болатын. Енді міне, сол жайлы осы Жолдауында да өзінің ұстанымын айқын білдіріп отыр. Жолдауда сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алып отырғандығы және жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жаиқандығын атап көрсетілді. Бұл орайда Президенттің «Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санаймын. 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек», - деп мәлімдеуі біраздан бері қоғамда айтылып келе жатқан өзекті мәселе еді. Және де пара алып қолға түскендердің әділ жаза алатындығына қоғам шек те келтіре бастағаны бар. Әйтеуір, не айып төлеп, не рақымшылық жасалып жазадан құтылып кету сияқты жағдайлар болып келсе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек», - деген кесімді сөзін айтты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ұлттың жаңа болмысы жайлы орынды сөз қозғап отыр. «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр»,-деп ұлттың жаңа болмысы на үшін қажеттілігін анықтап берді. «Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын»,-деген Президент сөзінде ұлтымызды жаңа сапаға көтеру үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек деген ой тастайды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген өлмес қағидасын алға тартуы да тегін емес еді. Өйткені осы күні баршамызға ел тағдыры қымбат!

Абдолла ДАСТАНОВ, «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

- Президент Жолдауы жарияланды. Шыны керек, «Жолдауда не айтады екен?» деген қызығушылық зор болды. Телеарналардан тікелей эфирде берілетіні алдын ала хабарланған соң, көрсетілген уақытта көксандықтың алдынан табылдық. Ең бірінші Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулиннің сессияны орысша қосарламай жүргізгені ұнады. Әрине, бұл бір сөз айтса болды соны орысшаға аудармалап тұратын көптеген шенеунік бауырларымызға жақсы сабақ, оң жол болуға тиісті. Бұл реті келіп қалғасын айтылып жатқан сөз ғой. Негізгі сөз Жолдау туралы.

Президент Жолдауы жөнінде бізден бұрын пікір айтушылардың арасында «ештеңе де айтылмады», «сол баяғы құрғақ сөз» тағысын тағы деген тәрізді бағалаулар да жоқ емес. Әрине, әркімнің өзінің күткен сөзі болғаны даусыз. Сол сөз естілмесе болды, басқасының бәрін жоққа шығарып тастау - бізде бұрыннан қалыптасқан «дәстүр». Сондықтан, әлгіндей пікірлерге де еш таңқалуға болмайды.

Президент бір Жолдауында мемлекеттегі, қоғамдағы барлық қордаланған мәселелердің түйінін тарқататуы мүмкін бе? Ең алдымен осы сұрақты өзімізге қойып, сосын оған байыппен жауап іздеп көрсек қайтеді?
Ал, менің түсінігімде, Президент Жолдауында айтылғанының өзі аз болған жоқ. Мысалы, Президент биыл жыл соңына шейін мемлекеттік қызметкерлер саны 10%-ке, 2021 жылы 15%-ке қысқартылатынын мәлімдеді. Бұл туралы қоғамда бұрын айтылмады ма? Айтылғанда қандай?! «Халқының саны бізден әлдеқайда көп анау елде, мынау елде шенеуніктер бізден әлдеқайда аз» деген салыстырмалы кестеге шейін жарияланып жүрді ғой. Президент мемлекеттік қызметкерлер санын қысқартуға бағыт ұстанса, тапсырма берсе, бұл ол кісінің қоғамдық пікірге құлақ түргені ме, жоқ па?

Президент тіпті, қоғам тарапынан нақты атап көрсетіле қоймаған, бірақ, ешқандай тиімділігі байқалмаған министрліктердегі «Жауапты хатшы» деген лауазымды қысқарту туралы да тапсырма берді. Бұл Президенттің сіз бен біз байқай бермейтінді де білетіндігін байқатпай ма? «ҚазАгро» мен «Бәйтеректің» біріктіріліп, бұлардағы қызметкерлердің 50%-ке қысқаруы туралы тапсырманы да осы тұрғыдан қарастырғанымыз дұрыс.
Немесе, қазір екінің бірі жалаулатып жүрген Жер мәселесіне келгенде де, Президент қоғам күткен сөзді нығарлап тұрып жеткізді. «Жер шетелдіктерге сатылмайды». «Бірақ, ауылшаруашылығы жерлерін экономикалық айналымға түсірудің шараларын қарастыру» туралы Үкіметке берілген тапсырманы не өздері теріс түсініп қалып, немесе әдейі бұрмалау мақсатында болсын, «Президент Жерді шетелдіктерге жалға беруге болатындығын астарлап жеткізді, жалға берудің сатудан еш айырмасы жоқ» деп қараспанды төндіріп жатқандар да баршылық.
Біріншіден, Президент Жер кодексінің кейбір баптарына енгізілген мораторийдің 2021 жылы мерзімі бітетіндігін еске алды. Демек, сол баптар Парламентте қайта қаралатын болады. Сол кезде Үкіметтің қандай ұсыныс енгізетіні әлі белгісіз. Күтейік. Көрейік. Ауылшарушылығы жерлерін экономикалық айналымға түсірудің шараларын қарастыру туралы тапсырма жерді шетелдіктерге жалға беру арқылы ғана шешіле ме? Президент Үкіметке «жерді тиімді пайдаланудың жолдарын қарастыру керек» деп отыр, ал, біз оны «бұл -жерді шетелдіктерге жалға беруге берілген тапсырма» деп түсінетініміз қалай? 2016 жылғы халық толқуына себеп болған баптарды қайтадан «тірілтетіндей» Үкіметтің басы екеу емес шығар?! Қазір жерді шетелдіктер түгілі өзімізге жалға берудің де жолдарын ширату туралы жиі айтыла бастады. Бос байбаламға салына бергенше, Жерді өз азаматтарымызға қалай жалға берудің тиімді болатыны жөніндегі ұсыныстарымызды ортаға салғанымыз абзал-ау.

Шағын және орта бизнеске қолдау, салық жүктемесін қайта қарау, мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысын көтеру, т.б. мәселелер қоғамда бұрқ -сарқ қайнап жатқан тақырыптар емес пе еді? Ал, «Аңсаған сәби» бағдарламасы осы Жолдаудағы елді елең еткізер сөз болды деп ойлаймын. Президенттің сөзін сол қалпында келтірейін: «Прогнозы ООН в отношении роста населения Казахстана в сравнении с нашими соседями по Центральной Азии неутешительные. Поручаю Правительству запустить с 2021 года специальную программу «Аңсаған сәби». Надо увеличить количество квот по программам ЭКО до 7 тысяч, то есть в 7 раз». Дұрыс па? Дұрысты дұрыс дейік. Қаншама ата-ана квотаның аздығынан ЭКО мүмкіндігін пайдалана алмай жүргендігін Салтанат Байқошқарова ханым сұхбаттарында үнемі айтып жүруші еді. Бала - елдің ертеңгі өркені. Ұрпақ сүю - әркімнің арманы.
Қасым-Жомарт Кемелұлы билік пен бұқараның байланысын нығайту бағытындағы өзінің негізгі ұстанымдарын халыққа былтырғы Жолдауында жеткізген болатын. Биылғы Жолдауда сол ойлардың одан әрі кеңейтіле көрініс тапқаны байқалады. Айталық, ел азаматтарына онлайн-петиция арқылы өзекті тақырыптарды көтеруге мүмкіндік берілуі, мәслихаттар отырыстарының онлайн көрсетілуін ұйымдастыру туралы менің білуімше, бұрын - соңды айтылған емес. Демек, кей ретте Президент өзінің қоғамнан да озық тұрғанын көрсетті. Жолдау Президенттің елдегі жағдайды, қоғамның көңіл -күйін өте терең білетіндігімен ерекшеленеді десе де болғандай. «Бір көшені жылда жаңалап жөндеу беруден» бастап «сыбайлас жемқорлыққа салынғандар мен педофилдерге жазаны қатайту» туралы сөздері тамырды тап басқандай болды ғой. «Оларға ешқандай рақымшылық, мерзімінен бұрын босату» дегендер болмасын« деді. Енді заңға сондай өзгерістер енгізіледі. Қоғамдық пікір осыны талап ететін еді. Мұндайды қазақ «көктен тілегенің жерден табылды« дейтін болса керек. Сол сияқты қос азаматтық алып, екі елдің арасында сайрандап жүрген серкелер де енді не анда, не мұнда болатын шығар. Сондай -ақ, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, судьялардың шетелдегі қаржысы, дүние -мүлкі бақылауға алынатыны туралы сөздің өзі-ақ талай шиқанның аузын жарып жіберген жоқ па екен?
Бұл Жолдауда саяси реформалар жалғасын табатыны да айтылып, соның бір дәлелі ретінде, ауыл әкімдерін сайлауды жолға қою туралы берілген тапсырма көп ұзамай іске асатыны еш күмән тудырмайды. Баяғыда татар молдалары «қазір пушкасы килса, кейін Пушкині кила« дейді екен . Сол айтқандай, ауыл әкімдерінен соң кезек қала, аудан басшыларына келмейді дейсіз бе? Келеді. «Демократияның басты жауы білімсіздік пен популизм» деді Президент. «Хайпократияға жол бермей елді сатылап реформалаймыз» дегенді де айтты. Дұрыс ұстаным.
Сөз басында айтқанымыздай, елдегі қордаланған мәселелердің бәрін бір Жолдауға сыйғызу мүмкін де емес, солай істеу міндет те емес. Президент Жолдауында бәрі айтылмаса да , айтылғанының өзі аз емес. Ал, біз өз сөзімізде соның тек кейбіріне ғана тоқталып, пікірімізді білдірдік.


Махат Садық, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деген Жолдауында: «ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн... Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын», - деді.

Еңбек Ері, Олимпиада чемпионы Жақсылық аға Үшкемпіров: «Бес мың жігіт болса, күллі қазақ ауылдарын дүркіретіп көтеруге болады», - дегенін білеміз.

Сол қазақтың нағыз Батыр азаматының арманы Президент Жолдауында айтылып, орындалатын болды. Пандемиямен күрес нағыз соғыс кезіндей болды. Міне, осы кезде Жақсылық ағаның інілері, батыс көрген, қалаларда қызметтегі азаматтарды туған ауылдарының тұрғындары Әкім болуға шақырды, өтініп сұрады. Биыл мен білетін, қызмет естіген біраз мықты жігіттер қаладан - қырға аттанбаққа ниет қылған. Бірақ мәселе шешілмеді. Ауылға Әкім болып бару үшін оған аудан, облыс Әкімдерінің келісімі керек екен. Енді бар түйткіл шешілді.

Ауылға аттанайық, арда азаматтар! Гүлденсе ауылымыз – гүлденеміз бәріміз!


Соңғы жаңалықтар