Жайық өзенінің жағдайы Қазақстан мен Ресей ынтымақтастық форумында талқыланады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көкшетауда өтетін Қазақстан мен Ресейдің шекаралық ынтымақтастық форумының басты тақырыбы – Жайық өзенінің жайы болмақ. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Батыс Қазақстан тұрғындарымен онлайн-кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көкшетауда қараша айында өтетін Қазақстан мен Ресей шекаралас ынтымақтастық форумында Жайық өзенінің проблемасына басымдық беріледі. Біз Ресейге бірнеше рет барып, осы мәселені көтерген болатынбыз», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Онлайн-кездесуге қатысқан ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі траншекаралық өзендер департаментінің директоры Әлия Шалабекова өзенге гидрологиялық зерттеу жүргізу бойынша ресейлік әріптестерімен уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлім етті.

Сонымен бірге аталған зерттеулер аясында өзеннің гидротехникалық құрылымын да зерттеу көзделіп отыр.

Кездесу барысында өңір тұрғындары министрліктің өкілдерімен бірге аймақтың экологиялық проблемаларын шешуге арналған Жол картасының жобасын талқылады. Жоспар өңірдің экологиясын жақсартуға бағытталған 20 шақты шарадан тұрады. Оған мемлекеттік орман қорының аумағындағы жасыл желекті 2025 жылға дейін 782 гектардан 1200 гектарға арттыру, жолаушылар автокөлігіне дизельдік отынды пайдалануға тыйым салу, облыстың өндірісіне қалдықтарды бақылаудың автоматты жүйесін енгізу шаралары енеді.

Жол картасы халықтың ұсыныстары негізінде екі аптаның ішінде толықтырылады.


Соңғы жаңалықтар