Жедел төлемдер жүйесін енгізу бойынша нормалар реттелді – заң жобасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мұнай және уран өндіру саласында ғылыми зерттеуге бөлінген шығыстардың 1 пайызы цифрландыру жобаларына бағытталмақ. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы цифрлық технологияларды реттеу туралы заң жобасын талқылау кезінде Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық IT-компанияларды дамыту үшін мемлекеттік органдар кәсіпкерлікпен айналыспауы қажет. Осыған орай, цифрлық жобаларды құру мен дамытудағы квазимемлекеттік сектор функцияларын алып тастауды ұсынамыз. Бұдан басқа, мұнай және уран өндіру саласында ғылыми зерттеу жұмыстарына бөлінген шығыстардың 1 пайызын цифрландыру жобаларына да бағыттау ұсынылады», - деді А. Жұмағалиев.

Мұнымен қоса, венчурлік қызметті ынталандыру мақсатында «Жеке венчурлік инвесторды» айқындау жөніндегі нормаларды енгізу жоспарлануда.

«Осылайша, осы нормаларды енгізу 2024 жылға қарай инновациялық стартап компаниялар санын 450-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тағы айта кететін жайт, заң жобасымен электрондық өнеркәсіп саласындағы уәкілетті орган айқындалады», - деп нақтылады министр.

Оның сөзіне қарағанда, заңнамалық деңгейде цифрлық актив, майнинг, токен ұғымдарын, сондай-ақ блокчейн технологиясын анықтау және цифрлық активті мүлікке жатқызу ұсынылады. Сонымен қатар, «Зияткерлік робот» ұғымын заңнамалық айқындау және робот иесінің жауапкершілігін бекіту көзделеді.

«Заң жобасында жедел төлемдер жүйесін енгізу бойынша нормалар реттелген. Жүйені құру - халыққа, шағын бизнеске кез келген уақытта тез және ыңғайлы ақша аударуға мүмкіндік береді», - деді Асқар Жұмағалиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.


Соңғы жаңалықтар