Жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түскен жоқ – Сәкен Қалқаманов

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының бірнеше ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша отырыстар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыстар барысында осы салада атқарылған жұмыстар талқыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер белгіленді. Сайрам ауданында өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Болат Исақов, аудан әкімі мен құзырлы мекеме басшылары қатысты.

Шарада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар жайлы және мемлекеттік сатып алу саласындағы өзекті мәселелер айтылды.

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтып өткендей, сыбайлас жемқорлық – бұл ғаламдық мәселе, одан әлемнің бірде-бір мемлекеті, бірде-бір саяси жүйе, бірде-бір саяси тәртіп қорғалған емес. Соңғы жылдың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты жазалаулар әкімшілік деңгейден қылмыстың ең ауыр түріне дейін теңестірілді. Заң қатаңдай түсті», – деді Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков өз сөзінде.

Былтыр өңірде алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық форум өтті. Ауқымды жиынға арнайы келген АҚШ, Түркия, Әзербайжан, Татарстан және Түрікменстан елдерінің уәкілетті орган өкілдері, халықаралық сарапшылар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері өз елдері мен Қазақстандағы үздік тәжірибелермен бөлісіп, тың жобаларды ортаға салды. Шетелдік сарапшылардың белсене қатысуымен өткен маңызды шара алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, өңірде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы да жемісін беруде.

«Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл санаттағы құқықбұзушылық фактілері өңірімізде де орын алады. Яғни, әкімдіктер жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиялардың жұмысының мардымсыз жүргізілетінін көрсетеді. Осы орайда, ішкі талдау жұмыстарын сапалы жүргізуді, қоғамдық қабылдауды тұрақты түрде өткізіп, арыз-шағымдарды жіті бақылауда ұстауды тапсырамыз», – деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Басқосуда көптеген түйткілді мәселелер сөз болды. Алдағы уақытта, мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі жетілдіру мақсатында облыс аумағында жүзеге асып жатқан ілкімді бастамалар мен сәтті жобалар әрі қарай да жалғасын таппақ.


Соңғы жаңалықтар