Жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасына 11 мыңнан аса алматылықтан өтініш түсті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алматы жастары» бағдарламасына 11 мыңнан аса алматылықтан өтініш келіп түсті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ермек Әміровтың сөзінше, өтініштерді қабылдау арнайы құрылған www.almaty-zhastary.kz сайты арқылы 2022 жылдың 18 мамыры мен 1 маусымы аралығында жүргізілді. «Бізге білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, құқық қорғау органдары, мәдениет, БАҚ және спорт саласының қызметкерлерінен барлығы 11 199 өтініш келіп түсті.

Бүгінде барлық келіп түскен өтініштердің талаптарға сәйкестігі тексерілді. Нәтижесінде 1676 өтініш қанағаттандырылды», - деді спикер. Өтініштер мен құжаттарды беру ЭСҚ кілті арқылы жүзеге асырылды. 5042 үміткердің өтініші қабылданған жоқ. «5042 үміткердің өтініші қабылданған жоқ. Себебі, Қазақстан Республикасында немесе Алматы облысы, Алматы қаласында барлық отбасы мүшелерінің тұрғын үйінің болуы/болмауы туралы анықтамалар; балалардың туу, неке немесе ажырасу туралы куәліктерін сканерлеу; еңбек кітапшасының көшірмесі; жұмыс орнынан анықтама немесе зейнетақы жарналары туралы үзінді көшірмесін ұсынбаған»,- деді Ермек Әміров.

Тағы 408 өтініш соңғы 6 айда зейнетақы жинақтарының болмауына байланысты қабылданбаған. «3847 өтініш жұмыс орнының бағдарлама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбады. 65 жағдайда Қазақстан Республикасындағы меншігінде тұрғын үйдің болуына байланысты, сондай-ақ басқа да себептер бойынша, оның ішінде мүлікті иеліктен шығаруға байланысты бас тартылды»,- дейді ол.

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары бағдарламаға қатысушылардың жеке кабинетінде де, веб-сайттағы өтінімдер тізімдерінде де берілген өтінімнің күйін өз бетінше бақылауы қажеттігін айтты. «Бағыттар бойынша жинаған ұпайларына қарай алғашқы 1000 қатысушыға сайттағы жеке кабинетіне жолдама беріледі, оң бағаланған қалған 676 қатысушы негізгі тізім төлем қабілеттілігінен өткенге дейін резервте болады», - деп атап өтті басқарма өкілі.

Барлық іріктелген өтініш берушілерге «Отбасы Банкі» АҚ төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама беріледі. Жолдама алған өтініш берушілер төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін 15 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкі» АҚ кез келген қызмет көрсету орталығына хабарласуы қажет.

Төлем қабілеттілігін сәтті растаған қатысушылар 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы және қайталама нарықта баспананы өз бетінше таңдайды. Тұрғын үй заемын беру мүмкіндігін қарастыру үшін таңдалған тұрғын үйге құжаттар банкте ұсынылады. «Отбасы Банкіне» келмеген немесе төлем қабілеттілігі расталмаған жағдайда, Алматы қаласының әкімдігі оның күшін жоюға және келесі қатысушыға жолдама беруге құқылы.

Еске салсақ, Алматы қаласының 35 жасқа дейінгі жастарын қолдау мақсатында 2022 жылы «Алматы жастары» жеңілдетілген несиелеудің қалалық бағдарламасы әзірленіп, іске қосылған болатын.


Соңғы жаңалықтар