Жеңіс Қасымбек: Келесі жылы Қарағанды облысында 19 мың адам газбен қамтылады
«Облыста «Сарыарқа» газ құбыры арқылы 114 елді мекенді газдандыру жоспарланған. Бірінші кезеңде үш қалада 3 мыңға жуық үй газбен қамтылады. Қазіргі уақытта Теміртау және Жезқазған қалаларында қабылдау актілеріне қол қойылды және құрылыс жұмыстары аяқталды. Желілерді «ҚазТрансГаз» АҚ-қа сенімгерлік басқаруға беру рәсімі басталды. Осыдан кейін тұтынушылардың дайындығына қарай 1056 үй үшін газбен қамтамасыз етіледі», - деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, Қарағанды қаласында құрылыс жұмысының 70 пайызы жасалған.
Құрылыс жұмыстарын аяқтау бекітілген кестеге сәйкес, 2021 жылдың мамыр айына жоспарланған. Нысан іске қосылғаннан кейін 1 865 үйге газ беріледі.
«2021 жылы Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларындағы 3 800 үйді қамти отырып, 2-ші іске қосу кешені құрылысын бастау көзделген. 2021 жылы Жаңарқа, Осакаров аудандарына және Шахтинск қаласында газбен жабдықтау желілерінің құрылысы басталады. Бірінші кезең 3 мыңнан астам үйді газдандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2021 жылы Саран қаласының Ақтас және Дубовская кенттерін газбен жабдықтау үшін жеткізуші газ құбырын салуды жоспарлап отырмыз. РТИ зауыты базасында салынып жатқан 2 зауытқа да газ тартылатын болады. Осылайша, 2021 жылы шамамен 19 мың адам газбен қамтылады. Толық қаржыландырылған жағдайда 2030 жылға қарай облыстың 1 млн 100 мың тұрғыны газбен қамтылады. Өңірді газдандыру мәселесі тұрақты бақылауда», - деді Жеңіс Қасымбек.