Жеңіс Қасымбек «Теміртау» хоккей клубының таратылуы туралы ақпаратқа түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек «Теміртау» хоккей клубы қызметін жалғастыратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс басшысына: «Өңірде 3 хоккей клубы («Теміртау», «Сарыарқа», «Қыран») бар. Олардың бюджеттік жағдайы қалай, берешегі бар ма?», - деген сауал қойылды.

«Біріншіден, хоккей клубтарының ойыншылар алдында ешқандай қарызы жоқ. Қаржы тек мемлекеттік келісімнің аясында белгіленген лимитпен бөлінеді. Бұл тәртіп барлық әкімдік үшін бірдей. Мен бұл сұрақтың астарын түсініп тұрмын. Желіде «Теміртау» хоккей клубы биыл өз қызметін тоқтатуы мүмкін деген ақпарат тарады. «Теміртау» хоккей клубы өз қызметін одан әрі жалғастыратынын ресми түрде мәлімдеймін. Хоккей клубы теміртаулықтардың сүйікті командасы. Сондықтан команда одан әрі ойнай береді», - деп жауап берді Жеңіс Қасымбек.

Одан бөлек, өңір басшысы хоккей клубтарына қосымша қаржы бөлінбейтінін мәлімдеді.

«Қаржы мәселесі кез келген клубта бар. Мәселе заң және бекітілген келісім аясында шешіледі. Бірден айтып өтейін, басқалай, қосымша қаржы болмайды. Қолда бар қаржыға команда жұмысын одан әрі жалғастыруға әбден болады», - дейді ол.

Бұған дейін Ж. Қасымбек «Қарағанды - Балқаш» автожолын жөндеу келесі жылы аяқталатынын айтқан еді.

Одан бөлек, облыс әкімі «АрселорМиттал Теміртаудағы» өндіріс қауіпсіздігіне қатысты пікір білдірді.


Соңғы жаңалықтар