Жер кодексінің баптарына мораторий енгізілуіне қатысты қандай жұмыстар атқарылуы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Жер кодексінің жекелеген баптарының қолданысына мораторий енгізілуіне байланысты атқарылатын жұмыстарды айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді, Жер комиссиясының бүгінгі отырысының күн тәртібіне көшсек. Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Жер кодексінің жекелеген баптарының қолданысына мораторий енгізілген болатын. Бұл мораторий 2021 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады», - деп еске салды министр.

Енгізілген мораторийде мынадай шектеулер көзделген:

- шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау құқығын беруге тыйым салу;

- жарғылық капиталында шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке сатуға және жалға беруге тыйым салу;

- қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған жекеменшік құқығын беруге тыйым салу;

- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалдау құқығын мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығаруға тыйым салу.

«Шетелдіктер бойынша мораторий нормаларына келер болсақ, Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында бұл жөнінде түпкілікті саяси шешім қабылдады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жеке меншікке сатылмайды және шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысатын заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жалға берілмейді деп шешті. Шұғыл түрде тиісті заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне арнайы Жолдаумен енгізілді, қазіргі уақытта ол жұмыс топтарында қаралу сатысында», - деді С. Омаров.

«Енді мораторийдің кейбір мәселелері ғана шешілмеген күйде тұр, бұлар – ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын алып тастай отырып, қазақстандықтарға жекеменшікке беру, сондай-ақ жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттен сатып алмай ұзақ мерзімді жалдау құқығын иеліктен шығаруы мәселелері. Қазақстандықтар үшін жеке меншік мәселесінің тарихына қысқаша тоқталып өтейін. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншік құқығы 2003 жылдан бастап заңнама жүзінде бекітіліп беріліп, ауыл шаруашылығы жерін не жеке меншікке сатып алуға не 49 жылға дейін ұзақ мерзімді жалға алуға мүмкіндік берілді. 2015 жылы Жер кодексіне өзгерістер енгізілді, оның аясында қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға беру мүмкіндігі алып тасталды. Жаңа өзгеріс ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жекеменшік құқығымен ғана беруді көздеді. Бұл үшін жұмыс істеп тұрған жер пайдаланушылар мемлекеттен ауыл шаруашылығы жерлерін кадастрлық құнының 50%-ы мөлшеріндегі жеңілдікпен біржолғы төлеммен немесе жердің толық құнын 10 жыл бойы бөліп төлеу шартымен жекеменшікке сатып алуға міндетті болды. Ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау құқығын мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығару мүмкіндігіне келер болсақ, бұл түзету де 2015 жылы енгізілген болатын. Бұл түзетулерге 2016 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен мораторий енгізіліп, тиісті Заң қабылданды. Жер комиссиясының отырыстары аясында жоғарыда аталған мәселелер бойынша түпкілікті шешім қабылдау ұсынылады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар