Жер комиссиясы:1942 жылғы құпия координаттар жүйесінен бас тарту қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан жер қатынастарын басқаруда 1942 жылғы құпия координаттарды пайдаланып отыр. Жер реформасы жөніндегі комиссияның үшінші отырысында осындай мәселе көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның экономикалық мәселелер жөніндегі жұмыс тобының басшысы Ақылбек Күрішбаев жер қатынастарын цифрландыруға кедергі келтіріп отырған басты тосқауылды атады.

«1942 жылғы құпия координаттар жүйесін пайдаланудан бірыңғай координаттар жүйесіне ауысуымыз қажет. Бұл сұрақ жер қатынастарын цифрландырудың негізі болып табылады. Қазіргі таңда ТМД мемлекеттерінің ішінен аталған 1942 жылғы ескі кординаттар жүйесінде тек Түрікменстан мен Қазақстан ғана қалған. Яғни, бұл мәселеде біз қатты қалып отырмыз. Ұсыныс – жер ресурстарын басқаруда 1942 жылғы құпия координаттар жүйесінен бірыңғай координаттар жүйесін пайдалануға тезірек көшу», - деді жұмыс тобының басшысы.

Аталмыш шарада Ақылбек Күрішбаев халыққа жайылымдық жер беруде бюрократия өте көп екенін айтқан болатын.

Осы аптада Мәжіліс жерді шетелдіктерге беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын мақұлдады.

Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин осы заң жобасының мақұлдануы туралы пікір білдіргенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар