Жер мәселесі, баспана субсидиясы, экожауапкершілік – Үкімет Жолдауды қалай жүзеге асырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру жоспарын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда республикалық жолдар толығымен жаңарады

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр алдағы уақытта Қазақстанның транзиттік-трафиктік бағыттағы позицияларын ұстап қалу үшін бірқатар шара қабылданатынын жеткізді. Атап айтқанда бұл мақсатта қызмет көрсету, тасымалдаудың сапасы мен жылдамдығын арттыру бойынша жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар Қазақстанда көлік инфрақұрылымын дамыту одан әрі жалғасады. 2020 жылы республиканың автокөлік жолдары желісінің 4 мың шақырымы ашық болады. Қанағаттанарлық жағдайдағы автокөлік жолдарының үлесі қазіргі уақытта 90 пайызды құраса, 2025 жылы республикалық автокөлік жолдарының 100 пайызы қалпына келтіріліп, жаңартылады. Одан бөлек, сервистік инфрақұрылымды құру жұмыстары аяқталады.

Үкімет мүшесі сондай-ақ индустриялық саясат туралы заң жобасы әзірленіп жатқанын мәлім етті.

«Институционалдық негізді сақтай отырып жүргізілетін жұмыстарға жеңілдік беру үшін индустриялық саясат туралы заң жобасымен жұмыс басталды. Қазіргі уақытта заң жобасы әзірленіп, оны бизнес және салалық қауымдастықтар, өнеркәсіптік кәсіпорындар талқылауда. Заң жобасында қолдау шараларының құралдарын кеңейту, мемлекеттен, квазимемлекеттік сектордан және жер қойнауын пайдаланушылардан кепілдендірілген сатып алуларды жүзеге асыру шаралары ескерілген», - деді ол Үкіметтің баспасөз орталығында журналистерге.

Агроөнеркәсіпті дамытудың Ұлттық жоспары әзірленеді

Мемлекет басшысы Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуі керектігін тапсырғаны белгілі. Осы міндетті орындау үшін Үкімет алдағы бес жылда агроөнеркәсіп саласын дамытуға арналған Ұлттық жоспарды әзірлемек.

«Қазірдің өзінде салалық қауымдастықтардың өкілдері, халықаралық сарапшылар, «Атамекен» палатасы мен бизнес саласының, агроғылымның өкілдері кірген жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы жер ресурстары мен қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, агроғылымды дамыту, ветеринарлық және фитосанитариялық қауіпсіздік, сондай-ақ шикізаттың ғана емес, оны өңдеу есебінен экспортты арттыру мәселелері бойынша ұсыныстарды әзірлейді», - деді Премьер орынбасары Роман Скляр.

Оның айтуынша, өңдеу саласындағы кәсіпорындардың қуаттылығын арттыру үшін мемлекеттің қосымша қолдау шараларының көмегімен етті, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, май, балық өнімдерін өндіру мен өңдеу бойынша экожүйелер құрылады.

Жолдауда белгіленген міндеттерге сәйкес алдағы уақытта елдегі экологиялық мәселелерге ерекше назар аударылмақ. Мәселен 2025 жылға дейін орман алқаптарында 2 млрд түп, елді мекендерде 15 млн түп ағаш отырғызу көзделген. Қазіргі таңда Елбасының бастамасымен қолға алынған біздің елорданы қоршап жатқан жасыл белдеудің ауқымы 88 мың гектарды құрайды екен. 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 100 мың гектарға дейін жеткізілмек.

Үкіметтің баспасөз орталығында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа да бірқатар маңызды сұрақ қойылды. Оның бірі астыққа қатысты еді.

Министрдің айтуынша, биылғы астықтың болжамды жалпы жиналымы 18 млн тонна деңгейінде жоспарланып отыр. Қазіргі кезде 11,5 млн тонна бастырылған. Сапархан Омаров биыл астық эквивалентінде 7-8 млн тонна көлемінде астық пен ұн экспортының әлеуеті болады.

«Экспорт бағытында біздің негізгі серіктес елдер қамтылады. Яғни Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан, Ауғанстан мен Иран мемлекеттеріне тасымалданады. Қытайға қарай астық пен ұн экспорты көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда аталып өткендей, биыл 18 млн тонна астық жиналса, осы көлемнің тиісті бөлігі осы нарықтарға бағытталады», - деді ведомство басшысы.


Жерді цифрландыру

Сапархан Омаров сондай-ақ жер қатынастарын цифрландыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді.

«Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруға қатысты бізде жоспар көп. Алайда, бұл ретте, мен негізгі үш мәселені атап өтейін. Біріншіден, жер қатынастарын цифрландыру бойынша қазіргі уақытта ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге тиісті заң жобасы әзірленіп, оған сәйкес жер аумақтарының бәрі де цифрландырылады. Жалпы қазір ауыл шаруашылығы жерлерінің барлығы да цифрландырылып қойғанын атап өту керек. Ендігі кезекте жердің басқа түрлерін осы әдіспен цифрландырамыз. Заң жобасы қабылданғаннан кейін жердің бәрі электронды форматта беріледі», - деді Сапархан Омаров Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингіде.

Министрдің сөзінше, ең алдымен, адам факторы мен бюрократияны жойып, жер бойынша түскен өтінімдерді қарау мерзімін қысқартуға маңыз беріледі.

«Екінші мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерін бақылау. Қазір ІТ-компаниялардың бірімен оған қатысты жоба әзірленуде. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерінің электронды саудасына басымдық беріледі», - деді ол.

Қазақстан Ресейден коронавирусқа қарсы вакцина сатып ала ма?

Жолдаудағы міндеттерден кейін Үкімет мүшелеріне бірқатар сұрақ қойылды. Қазақстан Ресейден вакцина сатып ала ма? Роман Склярға қойылған сұрақтың алғашқысы осындай болды.

«Биылғы 24 тамызда үкіметтік делегация құрамында тиісті алдын ала келісімге қол қойдық. Оған сәйкес, Ресей Федерациясы Қазақстанға алғашқылардың қатарында вакцинаны сатуға міндетті болады. Алайда, бұл шаралар сынақтың үшінші кезеңінен өткеннен кейін ғана ескеріледі. Қазір сынақтың екі кезеңі өтті», - деді Роман Скляр.

Оның сөзіне қарағанда, шамамен желтоқсан айына қарай ресейлік вакцинаның үшінші сынақ кезеңі аяқталуы мүмкін. «Осы тиісті сынақтарды өткеннен кейін ғана оны сатып алу туралы шешім қабылданады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Осы орайда ол тамыз айының соңында бекітілген келісім барлық сынақтар өткеннен кейін, вакцинаны алу мүмкіндігі қадамдарын қамтып отырғанын айтты.

Экологиялық мәселелерге назар

Үкіметтің баспасөз орталығында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасына қатысты сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, заң жобасына елдегі дельфинарийлерді жабу туралы норма енгізіледі.

«Қазірдің өзінде бұл норманы заң жобасына кіргіздік. Кейінгі кезде бізге қоғам өкілдерінің де, халықаралық қоғам қайраткерлерінің де дельфинарийлерді жабу мәселесі бойынша жүгінгенін білесіздер. Сол себепті бұл норманы әзірледік. Бұл нормада дельфинарийлерге ғана қатысты емес, басқа да жабайы жануарларды ұстау бойынша тыйымдар бар», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Сондай-ақ ведомство басшысы заң жобасы депутаттардың қарауына қашан берілетінін айтты.

«Заң жобасы әзірленді. Министрлік алаңында Парламент депутаттарымен, қоғам өкілдерімен кездестік. Бұл құжат қоғам тарапынан айтарлықтай кеңінен талқыланды. Заң жобасы Үкіметке енгізілді. Осы орайда тиісті келісуден өткеннен кейін, жақын арада Парламент қарауына түседі», - деді ол.

Сондай-ақ министр сөзіне сәйкес, табиғатқа келтірілген зардаптар бойынша жаза едәуір күшейтіледі. Атап айтқанда біріншіден, табиғатты қорғау саласындағы құқықбұзушылықтар бойынша айыппұл 10 АЕК-тен 20 АЕК-ке (1 АЕК – 2778 теңге) өседі. Яғни, екі есе. Орта бизнес субъектілеріне 30-75 АЕК-ке дейін, ірі бизнеске 500 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыс істеп жүрген мамандардың құзыры да артады.


Соңғы жаңалықтар