Жер үйдегі өрт бір адамның өмірін қиып кетті – ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында жеке тұрғын үйде өрт шығып, 1 адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 21 қазан күні таңғы сағат 04: 37-де Верх-Уба ауылындағы Центральная көшесінде орналасқан жер үйде өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті.

«Оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп жеткенде үйдің дәлізі мен шатырын шарпыған қызыл жалынның жалпы ауданы 64 шаршы метрге жеткен. Тілсіз жауды ауыздықтау барысында жатын бөлмеден 1952 жылғы азаматтың мәйіті табылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сағат 06.03-те жалын толықтай ауыздықталды. Өрттің шығу себебі – темекі шегу барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болуы мүмкін.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда отпен абайсыз әрекет етуден 684 өрт шығып, 24 адам көз жұмған.


Соңғы жаңалықтар