Жерлеуге апара жатып баладан тезірек құтылуды ойлаған - 5 жасар баланың денесі қоқысқа қайдан келген

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында бес жасар баланың өлі денесі қоқыста қалай пайда болғаны анықталды. Қазір қайтыс болған баланың 20 жастағы анасы мен анасының туған 2001 жылғы ағасы полицияға жауап беріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайтыс болған баланың нағашы ағасы кішкентайды молаға жерлемек болған. Олардың анасы да қайтыс болған екен. Сөзінше, сол анасы жерленген зиратқа бара жатып, жарды көріп баланың мүрдесін сол жерге тастап кеткен.

«Ағасы мәйітті қоқыс алаңына тастап кеткен себебін түсіндірді. Айтуынша, денені молаға апара жатқан. Түн уақыты болған. Түн болған соң әрі қарай жүруге қорықтым дейді. Ішінде біреу көріп қоя ма деген үрей болғанын айтады. Сол себепті баладан тезірек құтылуды ойлаған. «Үлкен жарды көрдім, сол жерге тастап кеттім» дейді. Сөзіне сенсек, бала айы-күні жетпей, толық жетілмей туған. Сол оқиғаның алдында кішкентай үш күн бойы ауырған. Бірақ анасы да, ағасы да ешқайда хабарламаған. Үш күн ауырса да, баланың ауырғанын ешкімге айтпай, баланың қайтыс болғанын күтіп жатқандай болған», - деді Сарқан ауданы прокурорының орынбасары Еділ Қорғанбаев.

Анасының сөзінше, ол қызын өлтірмеген. Бала ауырып қайтыс болған.

Бірақ полицияға баласының мүрдесі қоқысқа тасталғанын білмедім деп жауап беріпті.

Өзі тұрмыс құрмаған. Жақында екінші баласын босаныпты. Бес айлық баласы бар 20 жасар жас ананың өз ата-анасы да марқұм болған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы облысы Сарқан ауданында бес жасар баланың мәйіті қоқыстан табылғанын хабарлаған болатынбыз.

Құзырлы органның ақпаратына сәйкес, бүгін баланың анасы анықталды. Ол - 2002 жылы туған Сарқан қаласының тұрғыны.

Баласын 2017 жылы яғни, 15 жасында дүниеге әкелген. Тергеу жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар