Жеті өңірде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда қозғалыс жабылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің жеті өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ пен «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ деректеріне сәйкес, ауа райының нашарлауына байланысты (көктайғақ, қар аралас жаңбыр, жаяу бұрқасын, шектеулі көріну) еліміздің жеті өңірінде Нұр-Сұлтан қаласындағы, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда қозғалыс жабылды», - деді Талғат Уәли.

Сонымен қатар «Қазгидромет» РМК деректері бойынша алдағы күндері еліміздің барлық өңірінде - Нұр-Сұлтан, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс-Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының кей жерлерінде көктайғақ, бұрқасын, қар, тұман болып, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.

«Азаматтарды ауа-райының өзгерістерін бақылауға шақырамыз. Дауылды ескерту туралы хабарламаларды тыңдап, қажетті сақтық шараларын сақтаңыздар. Қыс маусымында көлікпен алыс жолдарға шықпас бұрын, ауа райы болжамын міндетті түрде зерделеген жөн. Егер қатты боран, бұрқасын болса, жол кептелісінде ұзақ тұрып қалуыңыз мүмкін. Тіпті жол-көлік оқиғасына да тап болуыңыз ықтимал. Егер қандай да бір елді мекенге шұғыл баруыңыз керек болса, діттеген жеріңізге кедергісіз жету үшін теміржол көлігін пайдалануға кеңес береміз», - деді Талғат Уәли.


Соңғы жаңалықтар