Жеті жылда Қазақстандағы жол апаты екі есеге қысқарды – ІІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Қазақстандағы жол қауіпсіздігінің жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі. Жалпы елдегі жол қауіпсіздігінің жай-күйі апаттылықтың жекелеген көрсеткіштерін төмендетуге ықпал етті. Республикада ең көп жол апаты 2013 жылы тіркелген еді, онда 23 359 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 037 адам қаза тапты және 30 мыңға жуық (29 872) жарақат алды», - деді Серік Түсіпов министрлікте өткен онлайн брифингіде.

Соңғы жеті жылда, 2013-2020 жылдары Ішкі істер министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдар қабылдаған кешенді шаралар арқылы жол-көлік оқиғасы саны екі есеге немесе 42%-ға азайды. Ал қаза болғандар саны 34%-ға, жарақат алғандар – 40%-ға төмендеген.

2020 жылы пандемияға байланысты карантин шаралары кезінде облысаралық тасымалдар шектеліп, тұрғындардың көлікпен жүруі азайғандықтан, апат көрсеткіштері де азайды: жол-көлік оқиғасы – 19%-ға, қаза тапқандар – 17%-ға және жараланғандар – 20%-ға.

«Сонымен бірге, жыл басынан бері қозғалыс қарқыны қайта өскенін, ел автопаркінің техникалық жағдайын, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі шаралардың жеткіліксіздігін ескере отырып, жекелеген апат көрсеткіштерінің өсуі байқалады. Мәселен, биылғы үш айда жол-көлік оқиғасы саны 4%-ға (2 740-тан 2 621-ге дейін) және жаралылар саны 1%-ға (3 634-тен 3 605-ке дейін) төмендеген болса, қаза болғандар саны 12%-ға – 325-тен 363-ке дейін өскен», - дейді С. Түсіпов.


Соңғы жаңалықтар